Жаңа жыл жүректерді жақындатты

Жаңа жыл жүректерді жақындатты

Шымкент жастар театры ерекше балаларға ертегі сыйлады.

2025 жылғы 22 желтоқсан күні Шымкент жастар театры мейірім мен қуанышқа толы ерекше бастаманы жүзеге асырды. Театр ұжымы аутизммен ауыратын және ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған қайырымдылық Жаңа жылдық ертеңгілік ұйымдастырып, жүзге жуық баланың жүрегіне шаттық ұялатты.

Іс-шараның басты мақсаты – әлеуметтік тұрғыда қолдауды қажет ететін балаларға мерекелік көңіл күй сыйлау, рухани демеу көрсету және жаңа жыл қарсаңында олардың жүзінен күлкі көру.

Қайырымдылық кеші Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасына сәйкес, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлының тікелей қолдауымен өтті. Сонымен қатар бұл игі іске Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты «Қамқорлық» оңалту орталығы» КММ басшысы Айғаным Қыстаубаеваның ұйымдастырушылық қолдауы зор болды.

Мерекелік бағдарламада Шымкент жастар театрының шығармашылық ұжымы арнайы дайындаған «Ұрланған жаңа жыл» атты музыкалық ертегі сахналанды. Қойылым барысында балалар Аяз ата мен Ақшақарды ғана емес, Чики, Чача, Бумбум, Ляля, Уэнсдей, Соник, Гринч сынды сүйікті кейіпкерлерін тамашалап, ертегі әлеміне еніп кетті.

Интерактивті форматта өткен ертеңгілік кішкентай көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Балалар ойындарға қатысып, ән айтып, би билеп, өздерін еркін әрі бақытты сезінді. Бұл қойылым тек мерекелік көңіл күй сыйлап қана қоймай, олардың қиялын ұштап, шығармашылық белсенділігін арттыруға ықпал етті.

Кеш соңында әр бала Аяз атадан арнайы жаңа жылдық сыйлық алып, шат-шадыман күйде тарқасты. Қуаныш пен күлкіге толы бұл сәттер олардың жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз.

Осындай ізгі бастамалар ерекше балалардың қоғамға бейімделуіне, өздерін сенімді әрі еркін сезінуіне жол ашады. Шымкент жастар театры алдағы уақытта да қайырымдылық бағыттағы мәдени іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп, өнер арқылы қоғамға жылу мен мейірім сыйлауды жалғастырмақ.

Театр ұжымы “әлеуметтік жауапкершілік пен адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, көрерменге қуаныш сыйлау сахнадағы басты мақсатымыз, өмірлік ұстанымымыз” дейді.

“Шымкент келбеті”