Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың қолдауымен үшінші жыл жалғасын тапқан «Шымкент жастар лигасы» жобасы аясында қаламыздың жалпы орта білім беру мекемелері арасында «Фан-клуб спорт би» сайысының финалдық кезеңі өтті. ⠀
Жобаның мақсаты — Шымкентте бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын қалыптастыру. ⠀
— Аталған жобада Шымкент қаласынан 6 000-ға жуық жас «Фан клуб» мүшесі ретінде өнер көрсетіп келеді. Бұл жоба мектептер арасындағы достықты, ынтымақтастықты нығайту, жастардың бұқаралық спортқа деген белсенділігін арттыру мақсатында өтіп жатыр. Қаладағы 151 мектеп арасында сайыс ұйымдастырылып, финалдық кезеңге 24 команда өтті. Жас спортшыларымыз тынбай еңбек етіп, әлемдік деңгейде Қазақстанды танытуда. Бүгінгі өнер көрсеткен оқушыларға айтарым, өз өнерлеріңізді шыңдап, республикалық дәрежеге жете беріңіздер. Барлығына сәттілік! - деді Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Серғазы Кәрімұлы. ⠀
Айта кетейік, команда бишілері спорттық және акробатикалық жаттығудан сайысқа түсті.⠀Бас жүлдеге №84 жалпы орта мектебі лайық деп танылды. І орынды – Т.Рұсқұлов атындағы №25 мектеп гимназиясы алса, ІІ орын – Д.И.Менделеев атындағы №15 мектеп-лицейіне бұйырды. ІІІ орынға О.Жандосов атындағы №30 жалпы орта мектебінің өнерлі жастары қол жеткізді. ⠀