Бүгін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде ғылыми апталықтың жабылу рәсімі өтті. Ғылым қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аясындағы апталықта ғылым саласындағы ізденістер, түрлі форматтағы іс-шаралар, конференциялар өткен болатын. Ал, апталықтың соңғы күні ғылым қызметкерлеріне арналған арнайы дәрісхананың ашылуымен қорытындыланды.
«Ұлт ұстаздары» ғылым орталығының ашылу рәсімінде сөз алған университеттің басқарма төрағасы, ректор Гүлжан Дәулетбекқызы ұлттың дамуы үшін ғылымға көңіл бөліп, оларға жағдай жасалу қажеттігін атап өтті.
—Орталық ұлы дала ғылымының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, шежірелі тарихымызда жарқын із қалдырған ұлы ойшылдарымыз – Әл-Фараби, Ахмет Ясауи, Абай Құнанбайұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытовтың тәлім-тәрбиесін, үлгі-өнегесін шығармашылық мұрасын зерттеуге, алыптардың ізін басып, жолын жалғауға қызмет етпек. Тамыры тереңге бойлаған ұлттық ілім-білімнің танымдық қасиетін игеру – педагог мамандарға жүктелген жоғары кәсіби міндет. Сондықтан да, кабинет тапшылығына қарамай мереке қарсаңында дәрісхананы жабдықтап, ғалымдарымызға тарту еттік, - деді Г.Дәулетбекқызы.
Іс-шара соңында жоғарғы оқу орнының бірқатар ғалымдары 2022 жылғы ғылыми жетістіктері бойынша «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» арнайы төсбелгісімен марапатталып, түрлі номинациялар, сертификаттарға ие болды.