Қажымұқан атындағы Орталық стадионда футболдан Қазақстан чемпионаты аясында шымкенттік “Ордабасы” командасы “Астана” командасымен кездесті. Жергілікті ойыншылар өз алаңында қарсылас командаға ұпай санымен есе жіберді.
Қажымұқан атындағы Орталық стадионға жергілікті жанкүйерлер көптеп жиналды. Әдеттегідей спорт жанкүйерлері «Ордабасы» ойыншыларына зор қолдау көрсетті. Ойынды қала әкімі де тамашалады. Бірінші таймда қарсылас команда ойыншылары есеп ашты. Екі жақ та жиі шабуыл ұйымдастырып, алғашқы кезеңде “Астана” командасы ойыншылары алға шықты. Екінші таймда астаналықтар есепті еселей түсті. Жерлестеріміз қарсыластар қақпасын жиі-жиі нысанаға алып, белсенділік танытты. Ойынның соңына қарай Максим Федин пенальтиден гол соғып, есеп айырмасын қысқарта білді. Осылайша жерлестеріміз Қазақстан Премьер-Лигасындағы кезекті ойында 1:2 есебімен есе жіберді.
Шымкенттік команда Қазақстан Премьер-Лигасында чемпиондықтан әлі де үмітті. Жерлестерімізге алдағы жауапты ойындарда сәттілік тілейміз!