Шымкентте 18 наурыз – «Игі істер күніне» орай 8-ші шағынауданда орналасқан аллеяда «Наурыз тал» экологиялық акциясы өтті, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Республикалық «Эко-сана» қозғалысының бастамашылығымен қолға алынған акция аясында аллеяда 1000 жылдық Қырым қарағайының 42 көшеті отырғызылды. Бұл жолғы ерекшелік, кез келген қарағайды QR код арқылы сканерлеп, көшет иесін анықтауға болады. Одан бөлек, ағаш иесіне мобильді қосымша арқылы ай сайын суару туралы sms келіп отырады.
Қала тазалығына үлес қосуды дәріптеген акцияға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов бастаған депутаттар, Майра Мұхамедқызы, Заттыбек Көпбосынұлы, Ақбота Керімбекова бастаған өнер жұлдыздары және зиялы қауым өкілдері, жергілікті тұрғындар қатысты.
– Биылғы Наурыздың орны бөлек. Мәселен, Ресейде Жаңа жылды 31-ші желтоқсаннан 10-шы қаңтарға дейін тойлайды. Неге бізге Ұлыстың ұлы күнін 10 күн тойламасқа деген оймен, 14 мен 24-ші наурыз аралығын әр күніне жеке-жеке «ат қойып, айдар тағып» атап өтіп жатырмыз. Тал егу – ата-бабамыздан қалған дәстүр. Көктем келе айналамызды тазартып, жыл басына дайындаламыз. Тал егіп, бұлақ көзін ашамыз. Бұл акция да осынау игі іс аясында өтуде. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Әз-Наурыз мерекесін он күн бойы, 14-24 наурыз аралығында әр күнді өзіне тән атаумен мерекелейміз. Жалпы, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің идеясымен «Наурыз Шымкенттен басталады» мега жобасын қолға алдық. Өңіріміздің табиғаты да бұған сай келіп тұр. Мұндағы мақсат – табиғи жаңа жылды Шымкентте қарсы алу үрдісін бастап, үшінші мегаполистің өзіндік брендін қалыптастыру, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
«Наурыз тал» акциясына Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан арнайы шақырылған қонақтар, зиялы қауым өкілдері, қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мәди Манатбекұлы және белсенді жастар жиналды.
– Мегаполисте мерекеге арнап өткізіліп жатқан іс-шаралар «Наурызға лайықты мәртебе бере алмай жүрміз» деген олқылықтың орнын толтырады. Бүгін Наурыздың Шымкенттен басталатынына куә болдық, - деді Abai TV телеарнасының директоры Азамат Кеңесұлы.
Айта кетейік, «Наурыз тал» қалалық акциясы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Қайырымды істер марафоны» жалпы ұлттық жобасы аясында ұйымдастырылды. Ал акция соңы концерттік бағдарламаға ұласты.