Отандық тауар өндірушілерді қолдау күшейіп келеді

Отандық тауар өндірушілерді қолдау күшейіп келеді

Бүгін Шымкент қаласында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ ұйымдастыруымен импортты алмастыру бағдарламасы аясында отандық тауар өндірушілерді қолдауға арналған дөңгелек үстел өтті. Бұған дейін мұндай басқосу елордада өтіп, биыл екінші рет өңірлерде жалғасын тапты.

Жиында Қазақстан экономикасының дамуы мен ұлттық өндірісті қолдауға бағытталған ең өзекті мәселелер талқыланды. Қазір «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы сатып алып отырған өнімдердің 65 пайызы жергілікті тауар өндірушілердің өнімі. Бұл көрсеткіш импорттық тәуелділікті азайтуға және ішкі нарықты дамытуға оң ықпал етіп келеді.

Компанияның сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директоры Дархан Сағындықовтың сөзінше, дөңгелек үстелде бағдарламаның негізгі жетістіктерін, оның болашағын және отандық өндірушілерді қолдау тетіктерін талқыланып жатыр. Белгілі болғандай, «Қазатомөнеркәсіп» әлемдегі ең ірі уран өндіруші, жаһандық нарықта айтарлықтай үлеске ие. Сонымен қатар, компания ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді қатысып, уранды қайта өңдеу технологияларын жетілдіру бағытында жұмыс істеп келеді. «Бұл біздің тұрақты дамуымыздың басты кепілі. Стратегиялық мақсаттардың бірі импортқа тәуелділікті азайту болып отыр. Сол үшін компания жүйелі түрде импортты алмастыру бағдарламасын іске асырып, жергілікті өндірісті қолдап келеді», – деді ол. Спикердің айтуынша, биыл жыл басынан бері отандық өндірушілермен, яғни қордың тауар өндірушілер тізілімінде тұрған отандық тауар өндірушілермен жалпы құны 100 миллиард теңгеден асатын келісімшарттар жасалған. Ал 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан жоба аясында жаңа өндірістер құруға жәрдемдесу бағдарламасы шеңберінде іске асырылған тауарлар тізбесіне енгізілген отандық тауар өндірушілермен 38 миллиард теңгеден астам келісімшарт бекітіліпті. Тек биылдың өзінде 2 миллиард теңге көлемінде келісімшарт жасалып, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті арттыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы жыл сайын өндірістік кәсіпорындарға арнайы іссапарлар ұйымдастырып, олардың өндірістік қуатын кеңейту мен жаңғырту мүмкіндіктерін бағалайды. Жергілікті кәсіпорындарға ақпараттық қолдау көрсетіліп, өндірісті кезең-кезеңімен дамытудың барлық қыр-сыры бойынша кеңес беріледі.

– Бұл бастаманың басты мақсаты да сол, отандық тауар өндірушілердің әлеуетін арттыру және ұлттық экономиканы дамытуға негізделген. Біз алдағы уақытта да мұндай кездесулерді дәстүрлі түрде өткізіп, тиімділігін одан әрі жетілдіруді көздеп отырмыз, – деді Дархан Сағындықов.

Осылайша, импортты алмастыру бағдарламасы елімізде өндірілетін өнім көлемін ұлғайтып қана қоймай, кәсіпорындардың жаңа технологияларды меңгеруіне, еңбек өнімділігін арттыруына және халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуіне ықпал етіп жатыр.

Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»