​ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ МЫҢДАҒАН ЖАНҰЯҒА ДЕМЕУ БОЛУДА

​ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ МЫҢДАҒАН ЖАНҰЯҒА ДЕМЕУ БОЛУДА

Бұған дейін де хабарлағанымыздай, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Отбасын қолдау орталығы» КММ биылғы жылдан бастап FSM Social ақпараттық жүйесі арқылы жұмыс істей бастады. Жаңа жүйенің басты артықшылығы – дағдарысқа ұшыраған отбасылардың мәселелеріне жылдам ден қою және оларға дер кезінде қолдау көрсету.

Осы мақсатта денсаулық сақтау, білім, ішкі істер және пробация қызметкерлерінен мобильді топ құрылып, оларға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мобильді топқа 200-ден астам маман мүше болды. Сонымен қатар, министрлік тарапынан 552 маман арнайы оқытудан өтті. Қазіргі таңда FSM Social жүйесінде 242 мемлекеттік мекемеден 1 310 қолданушы тіркеліп, жұмыс істеуде.

Жоба іске қосылғалы бері 8 айдың ішінде орталықта 6 917 отбасына 10 501 қызмет түрі көрсетілді. Оның ішінде 2 304 отбасы FSM Social жүйесі арқылы тіркелсе, өмірлік қиын жағдайға тап болған 455 отбасы туралы хабарлама мемлекеттік мекемелерден келіп түскен.

Жалпы жүйеде тіркелген азаматтар туралы 2 220 дерек бар. Оның ішінде 1 849 отбасы орталыққа келіп, әлеуметтік кеңес алса, 455 отбасы мемлекеттік мекемелерге «FSM Social» жүйесі арқылы хабарласқан. Бүгінгі таңда олардың 203-іне тиісті көмек көрсетілсе, 152-нің мәселесі қаралу үстінде.

Міне, көріп отырғанымыздай, жаңа жүйе отбасындағы дағдарысты дер кезінде анықтап, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, аналар мен балалар құқығын қорғауға мүмкіндік береді. Алайда, мұндай күрделі мәселелерді толық шешу үшін жүйенің мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтіп, мамандардың біліктілігін арттыру да өте маңызды. Сонда ғана жүйе нағыз нәтижеге қол жеткізіп, отбасы қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ете алады.

27 ана мемлекеттік бағдарлама аясында пәтер алды

«Отбасын қолдау орталығы» материалдық көмекпен ғана шектелмейді. Ондағы мамандар азаматтардың ішкі жан дүниесіне де үңіледі. Жыл басынан бері 460 адам орталықтың кәсіби психологымен жеке терапиялық кездесулер өткізді. Олардың отбасы мүшелерімен қарым-қатынасын жақсарту және өзін жеке тұлға ретінде дамытуы үшін нақты көмек көрсетілді. Сонымен қатар, 213 азаматқа неке бұзу, алимент өндіру, балаға қамқоршылық жасау, тұрғын үй алу, құжат рәсімдеу, әлеуметтік төлемдерге өтініш беру сынды мәселелер бойынша кеңестер берілді.

Орталықта аналарға арналған 141 іс-шара ұйымдастырылып, оған 1 380 ана тартылды. Жалпы, мұндай дүниелердің аналардың әлеуметтік қолдаудан бөлек, бір-бірімен тәжірибе алмасып, рухани күш жинауына да септігін тигізетіні сөзсіз. Орталық мамандары тұрғын үй мәселесі бойынша «Отбасы банк» АҚ-мен және Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасымен бірлесіп, 2 127 анаға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Соның нәтіижесінде 1 131 ана құжаттарын kezekte.kz порталына тіркеп, олардың 27-сі мемлекеттік бағдарлама аясында пәтер алды.

Туыстар арасындағы жанжал да отбасын шайқалтады

Отбасындағы зорлық-зомбылық – қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметі басқармасы мен жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы бірлесіп, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық жанжалдарды шешу және отбасын сақтау мақсатында іс-шаралар жоспарын бекіткен болатын. Бүгінге дейін жергілікті полиция инспекторларының нұсқауымен 356 адам орталыққа келді. Олардың 178-і агрессор ретінде тіркелген. Тарқатып айтар болсақ, олардың 35-і Абай, 25-і Әл-Фараби, 37-і Еңбекші, 38-і Қаратау, 43-і Тұран ауданының тұрғындары. Қолдау шаралары көрсетілген азаматтардың 170-і ер адам, 186 әйел адам болды.

Жанжалдардың 160-ы ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушілік, 18-і туыстар арасындағы араздықтан, 17-і алкогольдік ішімдік салдарынан, ал 1-еуі жыныстық зорлық-зомбылықтан туындаған. Психологтар мен заңгерлер тарапынан жүргізілген түсіндіру жұмыстары нәтижесінде 86 отбасы қайта татуласып, ортақ шешімге келген. Ал, қалған 92 отбасымен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталануын болдырмау мақсатында профилактикалық жұмыстар жалғасуда.

Кәсіптік оқыту арқылы аналардың әлеуетін арттырудың да маңызы зор

Ағымдағы жылдың 19 мамыр мен 8 тамыз аралығында Д және Е санатындағы азаматтардың санатын қайта анықтау мақсатында 1 840 отбасын тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 659 отбасынан сауалнама алынып, сол бойынша анықталған тиісті қолдау шаралары қолға алуда. Сонымен қатар, 1 181 отбасының көрсетілген мекенжайда тұрмайтыны анықталды.

Көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен аналарға орталық тарапынан 7 бағыт бойынша тегін қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарын ұйымдастырылды. Олар: киім пішу және тігу, қолөнер (құрақ көрпе тігу), компьютерлік сауаттылық, шаштараз, SMM (әлеуметтік желіні басқару) маманы, маникюр-педикюр, дефектолог-логопед және т. б. Қазіргі таңда 861 ана осы курстарға қатысып, оның 197-і оқуды сәтті аяқтады. Курстар барысында аналар болашақ кәсібіне негіз болатын дағдыларды меңгеріп, жеке кәсіп бастауға мүмкіндік алды.

Түйіндей келе айтарымыз, қаламыздағы Отбасын қолдау орталығы өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға әлеуметтік көмек беретін жай мекеме емес. Бұл оларға үміт сыйлап, қайта өмірге аяқ басуға жол көрсететін сенімді серік бола алады. Дегенмен, мұндай міндетті мінсіз орындау үшін жүйелі жұмыс пен барлық тараптың өзара үйлесімділігі қажет. Жаңадан іске қосылып жатқан FSM Social ақпараттық жүйесі дәл осы олқылықтарды толтырып, отбасы мәселелеріне дер кезінде және мақсатты түрде көңіл бөлінуге мүмкіндік береді.

"Шымкент келбеті"