Президент қаза болғандардың отбасына жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты

Президент қаза болғандардың отбасына жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты

Ел басына төнген қауіп-қатердің себеп-салдары саралануы қажет. Тәуелсіздік тарихында ел аса күрделі мерзімге тап болды. Біз мұны ел болып еңсердік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында осылай деді. Президент халық арасында оқиғаға байланысты жалған ақпарат тарап кеткенін айтты. Мұның себебі кейбір азаматтар қате пікірде болса, кейбірі ақпаратты бұрмалап ушықтыра түскенін айтты. Сондай-ақ бұл оқиғаларды мұқият зерттей отырып, бір тізбектің тармақтары екенін айтты.

–Бұл алдын ала жасалған қасақана зұлымдық екені айдан анық, – деді Президент.

Сонымен қатар еліміздегі лаңкестік оқиғалардың салдарын жою үшін шұғыл түрде атқарылуы керек жұмыстарды атап өтті.

—Қаза болған тәртіп сақшыларының, әскери қызметшілер мен қарапайым азаматтардың отбасына көмек көрсету біздің қасиетті борышымыз. Бұл мәселе менің жіті бақылауымда болады. Тұрғын үймен, оқумен және басқа да қажетті нәрсемен қамтамасыз етеміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, ең алдымен, лаңкестік шабуылдарды кімдердің ұйымдастырғанын, мемлекеттің бұдан қалайша хабарсыз қалғанын анықтау қажет. Президент жедел тергеу тобын құрып, трагедияның барлық мән-жайын анықтауды және кінәлілерді тауып заңға сәйкес қатаң жазалауды тапсырды. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы қираған дүние-мүлікті қысқа мерзімде қалпына келтіру қажеттігін атап өтті.