ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев ұлағатты ұстаздармен жүздесіп, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша пікір алмасты. “Түркістан” сарайында өткен іс-шараға қаладағы мектеп және колледж директорлары, білім саласы қызметкерлері қатысты.
Президент кеңесшісі Жолдау болашақ бағдарымызды айқындап берген құжат екенін, соңғы жылдары білім саласына көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
-Еліміздің саяси, идеологиялық бағытын жан-жақты түсіндіру мақсатында өздеріңізбен жүздесіп отырмын. Президенттің кезекті Жолдауының негізгі тақырыбы - Әділетті Қазақстанды құру. Қоғамдағы барлық қордаланған мәселенің түбінде әділетсіздік жатады. Әділеттілік қағидасы алға шығуы үшін жалпы дүниетаным, ой-сана өзгеруі тиіс. Біз өткеніміз бен бүгінімізді түгендеп, болашақты ойлауымыз керек. Ұстаз - ұлттың зияткерлік қуаты. Ұстаздарды мемлекеттік идеологияны жүргізетін тұлға деп санаймыз. Сол себепті де сіздерге үлкен міндет жүктеліп отыр. Мемлекетшілдік ұстанымға назар аударыңыздар, - деді Мәлік Нұржанұлы.⠀⠀
Сонымен қатар, М.Отарбаев қоғамдық мәдениет білім мен ғылым арқылы дамитынын, ұстаздарға тарихи сананы жаңғыртып, оны ұрпаққа насихаттау керектігін айтты.⠀
Жиында мектеп және колледж директорлары энергетикалық қауіпсіздікке қол жеткізу үшін АЭС салудың маңызын, жалпы болашақты ойлауымыз керектігі жөнінде баяндама жасады. Қазіргі уақытта әлемде 400-ден астам реактор жұмыс істейді. Атом энергетикасын пайдалану - уақыт талабы. ⠀
Спикерлер жалпыұлттық референдум саяси мәдениетті қалыптастыру бағытында өтетінін, оған азаматтарды белсене қатысуға шақырды.