Президент Жолдауы аясында көлік саласы талқыланды

Президент Жолдауы аясында көлік саласы талқыланды

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында көлік және логистика саласын дамытуға айрықша мән берілді. Әсіресе елдің транзиттік әлеуетін күшейту ісінде мегаполистердің, соның ішінде Шымкент қаласының стратегиялық рөлі ерекше аталды.

Жолдауды талқылау бойынша арнайы кездесуде Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Қоғамдық көлік бөлімінің басшысы Бекнұр Әлтеков сөз алып, мегаполистегі көлік-логистика саласының даму бағыттарына тоқталды.

Оның айтуынша, қаладағы қоғамдық көлікті жаңарту, жаңа бағыттар ашу, тұрғындарға ыңғайлы және қауіпсіз тасымалды қамтамасыз ету – негізгі міндеттердің бірі. Сонымен бірге, мультимодальды логистикалық орталықтарды құру және «жасыл көлік» жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

Шымкент – Қазақстандағы халқы ең тығыз орналасқан әрі қарқынды дамып келе жатқан мегаполис. Географиялық тұрғыдан елдің оңтүстігінде, Түркістан облысымен және Өзбекстанмен шекаралас орналасуы – қаланы табиғи көлік торабына айналдырады. Сонымен қатар, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі дәл осы өңір арқылы өтеді.

Соңғы жылдары еліміздің бірнеше өңірінде жаңа әуежай терминалдары пайдалануға берілді. Солардың қатарында – Шымкент халықаралық әуежайы.

Жаңа терминалдың іске қосылуы мегаполистің халықаралық байланысын нығайтып қана қоймай, оны аймақтық логистикалық хабқа айналдыруға серпін бермек. Бұл жобаның арқасында жүк тасымалының көлемі артып, электронды сауда мен технологиялық өнімдердің жеткізілуі жылдамдайды.

Шымкент – Орталық Азиядағы аса маңызды көлік торабы. Президенттің Жолдауында айтылған стратегиялық міндеттерді орындау арқылы қала еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтуге зор үлес қоспақ. Ал жергілікті басқарма мен сала мамандарының үйлесімді жұмысы мегаполисті Еуразия кеңістігіндегі ірі логистикалық хабтардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді.

“Шымкент келбеті