Президенттік жастар кадр резервіне 50 кандидат іріктеледі

Президенттік жастар кадр резервіне 50 кандидат іріктеледі

1 қыркүйектен бастап Президенттік кадр резервіне кандидаттарды іріктеудің екінші кезеңі басталады. Оның қорытындысы бойынша мемлекеттік сектор үшін 50 адам таңдап алынады. Бұл туралы Ақпараттық коммуникациялық орталықта өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев хабарлады.

Баспасөз мәжілісінде агенттік басшысы үміткерлерге қойылатын негізгі талаптармен таныстырды.

- Президенттік кадр резервіне кандидаттарды іріктеудің екінші кезеңіне құжаттар онлайн түрде қабылданады. Ал үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар бұрынғыдай Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс, жасы 35-тен аспаған жоғары білімі бар және өңбек өтілі 5 жылдан кем болмауы тиіс. Бұл жолы жастар резервтерінен білім мен дағдыдан бөлек, қоғамдағы мәселелерден хабардар болып, оны шешуге қызығушылық танытуы жоғары бағаланады. Мұнан бөлек, арнайы тапсырмалар беріліп, үміткерлердің білімі мен білігіне басымдық беріледі,-деді Әли Амантайұлы.

Сондай-ақ ҚР Парламенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Әділет Нысанбаев кандидаттардың мемлекеттік тілді білу деңгейін растайтын сертификаттары болуы керектігіне тоқталды. Оның айтуынша жастардың дайындығын пысықтау мақсатында ақылы және тегін онлайн курстар ұйымдастырылады.