Бұл сұраққа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Ершат қажы Оңғар жауап берді.
Дін қызметкерінің айтуынша, ауыз бекіткеннен кейін вакцина салуға да, коронавирусқа қарсы ПТР-тест тапсыруға да болады.
"Шариғат ораза кезінде ине салуға рұқсат береді. Одан ораза бұзылмайды. Сол сияқты ПТР-тест оразаны бұзбайды. Өйткені тест құрғақ күйінде тамақтан және мұрын қуысынан алынады. Ішке қарай ешқандай дәрі, сұйықтық өтпейді", - деді наиб мүфти.
Сонымен қатар былтырғы оразаның қазасын өтеу тәртібі де түсіндірілді.
"Егер былтырғы оразаның қазасын ұстап үлгермесеңіз, ешнәрсе етпейді. Биылғы оразаға ниет етіп, ауыз бекітуге болады. Бірақ ораза өткеннен кейін былтыр қаза болған күндерді өтеу керек", - деді Ершат қажы Оңғар.
Айта кетейік, биыл қасиетті Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. Қасиетті Қадір түні– 8 мамырдан 9 мамырға қараған түнге сай келеді. Ал биыл берілетін пітір садақа мөлшері жан басына шаққанда 420 теңге болып белгіленді.