​Ресми өкіл маңызды жаңалықтармен бөлісті

​Ресми өкіл маңызды жаңалықтармен бөлісті

Бүгін Шымкентте Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте қала әкімдігінің ресми өкілі, әкім орынбасары Сәрсен Абайұлы мәдениет, көлік, әлеуметтік қолдау және қоғамдық тәртіп мәселелерін баяндады. Ол өз сөзінде қала өміріндегі өзекті бағыттарды қамтып, алдағы жоспарларды таныстырды.

Алдымен әкім орынбасары қыркүйектің 26–27 күндері өтетін «Асыл мұра» республикалық дәстүрлі өнер фестиваліне тоқталды. Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін бұл іс-шара «Қызғалдақ» сарайында өтеді. Фестиваль аясында мектеп оқушыларының өнер байқауы, дәстүрлі ән-күй, жыр-терме кеші ұйымдастырылмақ. Өнер кешіне Қазақстанның халық әртістері және өзге де белгілі өнер қайраткерлері қатысады және кіру тегін.

Қоғамдық көлік саласы да назардан тыс қалмады. Соңғы уақытта қала жолына тағы 30 жаңа автобус қосылды. Бұлар №150 және №146 бағыттарда қызмет көрсетеді. Елімізде құрастырылған Yutong маркалы автобустардың сыйымдылығы 85 адамға дейін жетеді, ұзындығы 10 метр. Бұл автобустарды Qaz Tehna компаниясы шығарған. Ал қызметті алғаш рет нарыққа кірген Bozjorga Bus ЖШС атқарып отыр. Сәрсен Абайұлының айтуынша, мұндай қадам бәсекелестікті арттырып, сапаны көтеруге ықпал етеді.

Әлеуметтік қолдау шаралары да атап өтілді. Қарттар күніне орай 70 жастан асқан зейнеткерлерге 3 АЕК мөлшерінде бір реттік көмек беріледі. 80 жастан асқан жалғызілікті қарияларға айына 2 АЕК көлемінде қосымша төлем төленеді. Бұдан бөлек, 70 жастан асқан барлық қариялар қоғамдық көлікте тегін жүреді. Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен еңбек ардагерлері үшін баспасөзге жазылу шығындары өтеледі. Қалада бүгінде 99 мыңнан астам зейнеткер бар. Олардың ішінде 1 соғыс ардагері, 2 135 теңестірілген азамат және 1 482 тыл еңбеккері тіркелген. Сондай-ақ жыл сайын 7 мыңнан астам зейнеткер санаторийлік ем алуға жолдама иеленеді. Бұл мақсатта «Ізетті зейнеткер» коммуналдық мекемесі жұмыс істеп, әр кезекте 120 адамды қабылдай алады.

Брифингте қоғамдық тәртіп мәселелері де қозғалды. Өткен аптада тергеу органдарында 175 іс тіркеліп, төртеуі сотқа жолданған. Қылмыстардың ішінде алаяқтық пен ұрлық деректері басым. Алпыс алаяқтықтың 38-і интернет арқылы жасалған. Әсіресе тауарға тапсырыс беру, жалған инвестиция және банк қызметкері болып қоңырау шалу әдістері жиілеп отыр. Осындай оқиғаның бірінде қала тұрғыны әлеуметтік желі арқылы техникаға тапсырыс беріп, 600 мың теңге қаржысынан айырылған.

Есірткі қылмыстары да назарда. Бір азамат банк картасын танысына берген, ал ол картаны есірткі саудасына пайдаланғаны белгілі болды. Сондықтан полиция тұрғындарға жеке деректерін бөтен адамдарға сеніп тапсырмауды ескерткені баса айтылды. Жол-көлік оқиғалары да әлі азаймай тұр. Алдыңғы аптада 8 апат тіркелді. Басым бөлігі жылдамдықты асыру, телефонға алаңдау, жаяу жүргіншілердің ережені сақтамауынан болған. Әкімдік ата-аналарды балалардың самокат пен скутерді дұрыс пайдалануы үшін қадағалауға шақырды. Сонымен бірге көпқабатты үйлердің дәліздерінен велосипед пен арбалардың ұрлануы жиілеген.

Сәрсен Абайұлы еңбек нарығына да тоқталды. Оның айтуынша, қыркүйектің соңғы жексенбісінде елімізде Еңбек күні атап өтіледі. Осы мерекеге орай «Арбат» демалыс аймағында өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шараға Шымкенттен 100-ден астам жұмыс беруші қатысып, түрлі бос орындар ұсынып жатыр. Жәрмеңкеде жұмыс іздеумен қатар «Еңбек жолы-2025» және «Парыз-2025» конкурстарының жеңімпаздары марапатталды. Биыл алғаш рет солтүстік өңірлерден делегациялар келіп, ерікті қоныс аудару туралы кеңес беріп жатыр.

Қоғамдық тәртіпке қатысты тағы бір өзекті мәселе салют ату болып отыр. Соңғы уақытта қала тұрғындары түнгі мезгілде пиротехникалық бұйымдарды заңсыз қолданудан зардап шегіп келеді. Жыл басынан бері белгіленбеген орындарда салют атқаны үшін 123 азаматқа хаттама толтырылып, әрқайсысына 20 АЕК көлемінде айыппұл салынған. Жалпы сомасы 9 млн теңгеден асты. Сондай-ақ сағат 22:00-ден кейінгі тыныштықты бұзғаны үшін 4 675 адамға хаттама толтырылып, 66 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Әкім орынбасарының айтуынша, салют тек лицензияланған орындарда сатылып, өрт қауіпсіздігіне сай арнайы алаңдарда ғана атылуға тиіс. Өзге жағдайда оған қатаң тыйым салынады.

Арғымақ шағын ауданының әлеуметтік жағдайына да тоқталды. Қазір мұнда мектеп салынбағанымен, балалар Құлагердегі 1200 орындық №147 мектеп пен Ақжардағы 1200 орындық №122 мектепке барады. Арғымақта мектеп жасындағы бала саны 500-ге жетпегендіктен, жаңа мектеп салуға қажеттілік жоқ. Балабақша мәселесі де шешілген. Арғымақтың өзінде 50 орындық жеке балабақша бар. Бұдан бөлек, Құлагерде 150 орындық «Зерек бала» және Ақжарда мемлекеттік №54 «Асыл Арман» балабақшасы жұмыс істейді. Медициналық қызмет бойынша Арғымақ тұрғындары Ақжардағы дәрігерлік амбулаторияға қарайды. Бұл №11 қалалық емханаға тиесілі және үш шағынауданға қызмет көрсетеді.

Инфрақұрылымға келсек, Арғымақта 670 жер телімі бар екен. Соның 256-сына үй салынған. Қазір шамамен 650 тұрғын қоныстанған. 12 көшенің сегізінде ауыз су, электр, газ және жарық жүйелері бар, жолдары асфальтталған. Сәулет мәселесіне қатысты да пікір айтылды. Тұрғындар телемұнараның санитарлық-қорғау аймағындағы жер телімдерін заңдастыруға қатысты жиі өтініш білдіріп келеді. Бұрын бұл аралық 600 метр болса, 2023 жылдан бері 300 метрге дейін қысқартылған. Соған қарамастан, периметр ішінде 284 жер учаскесі мен 60 нысан орналасқан. «Қазтелерадио» компаниясы санитарлық талаптарға сәйкес бұл аумақта тұрғын үй немесе әлеуметтік нысан салуға болмайтынын ескерткен екен. Дегенмен Бас жоспарды түзету жұмыстары жүргізіліп, қорғау аймағын қайта қарау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Сонымен қатар, Арғымаққа жақын аумақта «Ақжар-2» жобасы аясында мектеп, балабақша, емхана және спорт кешенін салу жоспарланыпты.

Брифинг соңында ресми өкіл журналистердің сауалына жауап берді.

Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»