Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов қаламызды жылумен қамтамасыз ететін мекеме басшыларымен арнайы жиын өткізді.
Жиын барысында «3-Энергоорталық» АҚ, «Қуатжылуорталық-3» МКК, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС, «КЕГОК» АҚ Оңтүстік Филиалы, «КазТрансГаз Аймақ» АҚ ШӨФ мекеме өкілдері жылу беру маусымына орай, қазіргі жұмыс барысы және төтенше жағдайлардың алдын алу дайындығы туралы баяндады.
"Станцияда 2 қазандық пен 2 турбина арқылы штаттық режимде жылу берілуде. Температуралық және гидравликалық көрсеткіштер бекітілген нормаға сәйкес. Құрылыс және қауіпсіздік жөніндегі тексеру жұмыстары тұрақты түрде өткізілуде”,-деді “3-Энергоорталық” АҚ бас директоры Қ.Х.Оңғарбаев.
Шаһар басшысы баяндамаларды жеке-жеке тыңдап, олқылықтар мен төтенше жағдайлардың болуы мүмкін қауіптерін анықтап, тез арада алдын алу шараларына кірісудің алгоритмін пысықтауды тапсырды. Күрделі құрылғылар мен жалпы жүйенің техникалық жағдайына қатысты ақпараттардың ашық және дер кезінде ұсынылудың аса маңызды екенін атап өтіп, қаланы жылумен қамтамасыз ету бағытындағы жалпы жүйенің жыл сайын тексерулерден өтуі мен жаңартылып отыруын, сервистік жұмыстардың сапалы атқарылуын қатаң бақылауға алынуын жүктеді.