Шымкент қаласында садақ атудан Қазақстан Республикасы кубогінің финалдық кезеңі өтіп жатыр. Садақ ату спорт кешенінде ұйымдастырылған сайысқа еліміздің ең үздік мергендері жиналған. Жалпы, еліміздің 8 аймағынан іріктелген 64 спортшы бақ сынайды.
Бүгін финалдық кезеңнің салтанатты ашылу рәсімі өткізілді. Іс-шарада Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Мақсат Орынбаев, ҚР ұлттық садақ ату федерациясының атқарушы директоры Еділ Темірбеков аталған спорт түрі соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқанын айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Биылғы маусымның алғашқы үш кезеңі еліміздің әр өңірінде өткен болатын. І кезең Шымкент қаласында, ІІ кезең Талдықорған қаласында және ІІІ кезең Орал қаласында ұйымдастырылып, үздіктер іріктелді. Ал, финалдық кезең қайтадан Шымкент қаласына сеніп тапсырылды. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Алматы, Ақмола, Жетісу, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарының командалары финалдық кезеңге жолдама алды.
Бұл жарыстың басты ерекшелігі – дәл осы кубок қорытындысы бойынша Қазақстанның ұлттық құрама командасы жасақталады. Құрамаға енген спортшылар алдағы Азия чемпионатында ел намысын қорғайды. Еділ Құнанбайұлының айтуынша, кезекті Азия чемпионаты биыл қараша айына жоспарланып отыр.
«Шымкент келбеті»