Шымкент қаласында індет жұқтыру жағдайы күр өсуіне байланысты халық көп шоғырланатын қоғамдық орындарға бақылау жұмысы күшейтілді, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бүгінгі таңда карантин режиміне байланысты барлық санитарлық талаптардың орындалуы маңызды. Атап өткенде, маска кию, санитайзерлердің болуы мен арақашықтықты сақтау сынды нормалардың орындалып жатқандығы қатаң бақылауға алынды.
Мониторинг жұмыстары барысында Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев қоғамдық автобустарда терезелер үнемі ашық, ал кондукторлар мен жолаушылар міндетті түрде медициналық маска тағу керек екенін түсіндірді. Сонымен қатар базарларда арақашықтық қатаң сақталып, дезинфекциялық құралдар - тепловизер, санитайзер, дезинфекциялық кілемше көзге көрінетін жерлерге қойылуы керектігін назарға алды.
Одан өзге, Әл-Фараби ауданы аумағында түнгі рейд жұмыстары күнделікті жүргізіліп отыр. Ауданға қарасты барлық қоғамдық тамақтанатын орындар, тойханалар және компьютер клубтары қатаң бақылауға алынған. Аудан әкімдігінің мамандары тәртіп сақшыларымен бірге кезекті рейд барысында карантин талаптарын бұзған бірқатар нысандарды анықтады. Санитарлық нормаларды сақтамаған 5 кәсіпкерлік нысанға айыппұл салынды.