Көрме «Шапағат» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының сүйемелдеуімен ұйымдастырылды. Ерекше күтімді қажет ететін азаматтар осы көрмеде 1 ай ішінде қолымен жасаған бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Көрмеде көпшілктің көзайымына айналған жұмыстар көп болды. Мәселен, 55 жастағы Гүлжан Үсіпбекова өзі тоқыған жейделері мен бас киімдерімен ерекше көзге түсті. Ал Әлия Унасова оюмен өрнектелген ұлттық нақыштағы киімдерін ұсынды.
– Қазақ қолөнері – басты қазынамыздың бірі. Өзіме ұлтық нақыштағы киімдер тігіп, әшекей тастармен безендіргенді ұнатамын. Бұл іске жан-тәніммен кіріскендіктен уақыттың қалай зымырап өткенін де байқамай қаламын, – дейді Ә.Уанасова.
Сонымен бірге орталықта қызмет алушылар төсек-жабдық тігу, қағаздан бұйымдар жасап, моншақтан әр түрлі кескіндер мен естелік заттар жасауды үйреніп келген.
Айта кетсек, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының дерегі бойынша Шымкентте қазіргі таңда тіркелген 37 046 мүмкіндігі шектеулі азамат бар.