Шымкент қаласында елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Қалалық цифрландыру басқармасының қолдауымен жеке инвестор FISHNET компаниясы тарапынан бүгінде Самал-2, Наурыз шағынаудандары талшықты оптикалық интернет желісімен қамтылды.
Қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов Наурыз шағынауданы тұрғындарымен кездесіп, жоғары жылдамдықты интернеттің сапасын тексерді. Басқарма басшысы Самал-2, Наурыз және Асар шағынаудандарын талшықты оптика желісімен қамтамасыз ету жұмыстарының барысын тұрғындарға түсіндіріп берді.
-Жоспарға сәйкес, шағынаудандарды кең жолақты, талшықты оптика желісімен қамту жұмыстары жалғасын табуда. Бүгінде Самал 2, Наурыз, Асар 2 шағынаудандары жеке инвестор есебімен аталған желімен қамтылуда. Жауапты - FISHNET компаниясы.
Биыл 20 елді мекенді жыл соңына дейін кезең-кезең бойынша қамту жоспарланған. Қаладағы 81 елді мекеннің басым бөлігінде жоспарды орындап келе жатырмыз. 2025 жылдың соңына дейін қаладағы барлық елді мекенді толық қамту жоспарда, - деді басқарма басшысы.
Жауапты компания өкілі Нұржан Алматовтың айтуынша, шағынаудандарда интернет орнату тегін. Тұрғындар тарифті өздері таңдай алады. Наурыз шағынауданында 150 абонент осы желіге қосылған.
Заманауи талшықты-опитика желісінің басты ерекшелігі – интернеттің жылдамдығы.
Өткен жылы 20 елді мекенге аталған оптикалық желіні тарту бойынша жеке инвесторлармен меморандумға қол қойылған еді. Келісімге сәйкес, 2023-2025 жыл аралықта тұрғын алаптар тізімі және олардың мерзімдері белгіленді.
«Шымкент келбеті»