ШАҢЫРАҚ АСТЫНДАҒЫ БЕРЕКЕ

ШАҢЫРАҚ АСТЫНДАҒЫ БЕРЕКЕ

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы аясында қаладағы «Достық үйінде» «Отбасы күні» мерекесіне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, өнегелі әулеттер марапатталды.

Мерекелік жиынның ашылу салтанатында қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Сүгірбаева, Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Айгүл Әмзеева қатысты.

– Отбасы – мемлекет пен қоғамның ең басты тірегі. Әр шаңырақта ұлттық дәстүр сақталып, бауырмалдық пен сыйластық орнықса, еліміздегі бірлік пен ынтымақ та нығаяды. Әрбір әулеттің тарихы – ел тарихының бөлшегі. Біз өнегелі отбасыларды дәріптеу арқылы жастарға бағыт-бағдар беруді көздейміз. Ұрпақ тәрбиесі – аналардың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Бүгінгі марапаттар – соның айғағы, – дейді Гүлжан Сүгірбаева.

Шара барысында алдын ала іріктелген отбасылар түрлі номинациялар бойынша марапатталып, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

«Азамат тәрбиелеген отбасы» номинациясын – қоғамға адал қызмет етіп жүрген, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген Курбанходжаевтар әулеті иеленді. Отбасында қазақтың туын желбіретіп жүрген таеквондошы Дастан Нәжімханов бар. «Күміс кереге» номинациясымен – 25 жыл отасып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп келе жатқан Бүркіттер отбасы мен Андар отбасы марапатталды. «Алтын шаңырақ» номинациясының иегері – 50 жылдық ғұмырын бірге өткізген, өнегелі әулет Үсенбековтер отбасы болды.

Әр отбасы өз перзенттерін елге адал қызмет ететін, қоғамға пайдасын тигізетін азамат етіп тәрбиелеп өсірген өнегелі әулет. Олардың өмірлік ұстанымы – әділдік, ізгілік пен еңбекқорлыққа баулу, ұлттық салт-дәстүрді жас ұрпаққа аманаттау. Қоғамдық істерге белсене араласып, берекелі шаңырақтың мәнін паш ету.

Үсембек Өмірбек пен жұбайы Роза Әлімбекқызы жарты ғасырдан астам уақыт бойы ұрпағын ұлттық дәстүрге баулып, ынтымақ пен татулықты сақтап келеді.

– Біз үшін ең үлкен марапат – балаларымыздың адал, еңбекқор болып өсуі. Осындай құрметке ие болғанымыз – сол тәрбиенің жемісі. Құндылықтарды сақтап, ұрпаққа жеткізу – әр ата-ананың борышы, – деді Өмірбек Үсембек.

Мерекелік кеште үздік әулеттердің өмірлік тәжірибесін баяндайтын бейнематериалдар көрсетіліп, өнерпаздар концерттік бағдарламамен қуаныш сыйлады.

«Шымкент келбеті»