Шымкент қаласының VIII шақырылған мәслихатының бірінші сессиясы өтті. Жаңа депутаттық корпусқа 32 депутат сайланып отыр. Оның ішінде 16 депутат бір мандатты округ арқылы сайланған болса, партиялық тізім бойынша «Amаnat» партиясынан – 11 депутат, «Ақ жол» партиясынан – 3 депутат және «Ауыл» партиясынан 2 депутат сайланды.
Сессияда Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев хабарлама жасап, депутаттарға куәліктері мен төсбелгілерін табыстады. Жаңадан сайланған депутаттарды қала әкімі Мұрат Әйтенов құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша мәслихат төрағасы лауазымына Бахадыр Нарымбетов ұсынылып, шешім бірауыздан қабылданды. Осыдан кейін Шымкент қалалық мәслихатының тұрақты комиссияларын құру, олардың құрамын бекіту және тұрақты комиссиялардың төрағаларын сайлау туралы шешімдер қабылданды.
Осылайша, бюджет және экономикалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағалығына – Альбина Елшиева, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссия төрағалығына Дариякүл Қожамжарова, құрылыс және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағалығына Шыңғыс Қозбахов, кәсіпкерлікті дамыту және цифрландыру жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағалығына Айжан Наимбекова, жергілікті өзін-өзі басқару және қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағалығына Мерлан Керімжанов, инвестиция және қалалық жайлы ортаны дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағалығына Ноян Төлегенов сайланды.