Sen жас әйелдер форумы қыз-келіншектерді табысқа жетелейді

Sen жас әйелдер форумы қыз-келіншектерді табысқа жетелейді

Бүгін Шымкент қаласында SEN 1-ші қазақстандық жас әйелдер форумы өтіп жатыр. Қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған форумға Шымкент қаласының іскер әйелдері қатысуда. Форумның мақсаты – жас әйелдерді, қыз-келіншектерді өмірде табысқа жетуге ұмтылдыру.

Форум ұйымдастырушылары «Өзіңе сен, отбасыңа сен, еліңе сен – сенің қолыңнан бәрі келеді!» деген ойды жастарға жеткізуді көздейді.

SEN форумын Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ашып береді.

— Өмірдің әрін де, нәрін де кіргізетін, тіршілікке мән сыйлайтын абзал жандар, бұл – әйелдер қауымы. Мерекенің бастауы да, шаңырақтың шаттығы да, мейірімнің ұясы да, әсемдіктің қайнар көзі де – Сіздер. Қазақ қыздарының тарихта қалдырған ізі аз емес. Міне, осындай ардақты аруларымыздың даңқты жолын Сіздер абыроймен жалғап келесіздер, – деген Мұрат Дүйсенбекұлы Шымкент қаласында әйелдер қауымы үшін жаңа мүмкіндіктерге кеңінен жол ашылғанын атап өтті.

М.Әйтеновтің айтуынша, отбасы институтын, көпбалалы аналарды, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдығына айналып отыр.

Айта кетейік, форум қатысушыларының арасында «Бизнес инкубатор» байқауының жеңімпазы атанған студент қыздар, «Атамекен», «Даму» корпорациясынан грант ұтып алған әйелдер, өзінің отбасылық бизнесін енді ғана бастаған көпбалалы аналар бар. Олар форум аясында көшбасшы әйелдердің табысқа жету жолдарымен танысады. Өз кезегінде табысты, іскер әйелдер өзін өзі дамыту, карьералық өсу, қаржыны басқару, денсаулықты күту мен жеке өмірге қатысты пайдалы кеңестерімен бөліседі.

Форума спикерлерінің қатарында Меруерт Өтекешева, Майра Мұхамедқызы, Ләйлә Сұлтанқызы, Арайлым Әуелбекова, Ханзада Есенова, Айка Алеми, Жания Дабыр сынды басқару, киноиндустрия, өнер, медиа, сән әлемі және кәсіпкерлік саласындағы көшбасшы әйелдер бар.

Форумның арнайы қонағы – Сколково Мәскеу басқару мектебінің проректор, әйелдер бағдарламаларының директоры Марина Карбан қатысушылармен онлайн режимде тілдесіп, қазақстандық қыз-келіншектерге сәттілік тіледі.

SEN форумының міндеті – әйелдердің алға қойған мақсаттарына жетудегі әлеуетін толықтай ашуға көмектесу, сонымен қатар олардың өзара танысып, тәжірибе алмасуына қолайлы алаң ұсыну. Бұл форумда танысқан спикерлер мен қатысушылар бір-бірімен ұзақ уақыт байланыста болып, тиімді әріптестік қарым-қатынас орнатады. Спикерлер мен шымкенттік бизнес-вумендер менторлық арқылы отбасы, психология және қарым-қатынас, сондай-ақ, тұлғалық өсу мәселелері бойынша үшінші мегаполис әйелдерінің өз қауымдастықтарын қалыптастыруы бойынша жұмысты жыл бойы жалғастыра береді.

Ұйымдастырушылар бұл форум Қазақстандағы жас әйелдердің дамуына қолдау көрсету бағытындағы нақты қадам боларына, жас әйелдердің өз күші мен мүмкіндіктеріне деген сенімін нығайтатынына, олардың отбасының маңызы мен ел дамуындағы әйелдер қауымының рөлі қаншалықты маңызды екенін түсінуіне көмектеседі деп есептейді.