ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап жүр. Сенат депутаты бүгін Бозарық шағынауданында өзекті мәселелер бойынша тұрғындармен кездесіп, аз қамтылған отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысымен танысты.
Шағынауданда 2021 жылы жұмыс істейтін жастарға арналған арендалық пәтерлер берілген еді. Жалпы 10 үй. Кездесуде тұрғындар үйдің сапасына қатысты бірқатар кемшіліктерді жеткізіп, үйді бастапқы жарнамен ипотекалық бағытта рәсімдеу жөнінде өз ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ, жол, терезелерді қымтау, кәріз мәселесін шешіп беруді сұрады.
Жиынға қалалық тұрғын үй, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, Полиция департаменті өкілдері қатысып, тұрғындардың мәселелеріне жауап берді. Жауапты мердігер мекеме өкілі бес жыл кепілдік мерзімі бойынша кемшіліктер кезең-кезіңмен шешіліп жатқанын айтады.
Сенат депутаты ендігі ретте тұрғындарды аулаларды күтіп-ұстауға шақырды. Ал тұрғын үйдің құжаттарын рәсімдеу бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізіп, бақылауға алатынын мәлімдеді.
«Шымкент келбеті»