«Сергек» камерасы бір тәулікте 224 заң бұзушылықты тіркеген

«Сергек» камерасы бір тәулікте 224 заң бұзушылықты тіркеген

Шымкент қаласының көлік қатынасы көп 14 көшесіне орнатылған «Сергек» жүйесі биылғы жылдың 5 қаңтарынан бастап іске қосылды, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz

Камералар іске қосылған бір тәулік ішінде 224 құқық бұзушылықты анықтап, көлік жүргізушілеріне 3 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

Жүрізушілер заң бұзушылық туралы хабарламаны алған күннен бастап 7 тәулік ішінде тағайындалған айыппұлдың 50 пайыз мөлшерін төлеуге мүмкіндігі бар. Өндірілген қаржы толықтай мемлекет бюджетіне түседі.

Өткен жылы қала аумағында 322 жол көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 76 адам қаза тауып, 406 азамат әртүрлі дене жарақаттарын алған. Осы ретте «Сергек» камералары қаладағы жол көлік оқиғасын азайтуға және көлік жүргізушілерінің белгіленген жылдамдықты асырмауына септігін тигізеді.


Осы жылдың наурыз айына дейін қалада 200 көше мен 120 қиылысқа «Сергек» орнату көзделсе, алдағы 3 жыл ішінде жалпы саны 4 000 ақылды камераны орнату жоспарланған.

Мұндай камералар арқылы қылмысқа және өзге де заң бұзушылықтарға қатысы бар көліктерге бақылау жүргізуге мүмкіндік бар.Сонымен қатар, «Сергек» жүйесі ауа-райының қолайсыз жағдайына қарамай, барлық уақытта бір қалыпты жұмыс атқарады.