ШЕТЕЛДІК КӨЛІКТЕРДІ РӘСІМДЕУ 23 ҚАҢТАРДАН БАСТАЛАДЫ

ШЕТЕЛДІК КӨЛІКТЕРДІ РӘСІМДЕУ 23 ҚАҢТАРДАН БАСТАЛАДЫ

Бұл туралы Шымкент қалалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерғали Сүлейменов мәлімдеді. Тәртіп сақшылары қалалық әкімдіктің ақпараттық-коммуникация орталығында Мемлекет басшысының шетелдік автокөліктерді заңдастыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру шаралары туралы баяндама жасады.

Бұған дейін Мемлекет басшысы елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтпеген шетелдік автокөліктерді біржолғы заңдастыру өткізу туралы жариялаған болатын.

– Осы тапсырманы орындау мақсатында қажетті заңнамалық өзгерістер енгізілді. Оған қоса Үкімет биылғы 11 қаңтарда ел аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын алғашқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолданудың және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінен босатудың қағидаларын, шарттары мен мерзімдерін бекітті. Ережелер алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі, яғни 2023 жылғы 12 қаңтарда жарияланғанын ескере отырып, 2023 жылдың 23 қаңтарында (дүйсенбіде) күшіне енеді және сол күннен бастап біз шетелдік автокөліктерді заңдастыруға кірісетінімізді хабарлаймыз, – деді Ерғали Сыбанқұлұлы.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, көрсетілген Қағидаларда автокөліктер қандай жағдайларда 200 000 теңге алымын төлей отырып және утиль алымынан босатыла отырып, заңдастыруға жататыны туралы нақты өлшемшарттар белгіленген.

Біріншісі –- көлік 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінуі керек;

Екіншісі – іздеуде болмауы қажет;

Үшіншісі – басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылған болу тиіс;

Төртіншісі – кедендік тазартудан өтуі керек.

Ережелер 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін күшінде болады және жеңіл автокөліктерге, шағын, орта автобустарға (толық салмағы 5 тоннаға дейін) және шағын жүк автомобильдеріне (толық салмағы 3,5 тоннаға дейін), оның ішінде оң жақты басқару органдары бар автокөліктерге қолданылады. Бастапқы тіркеуге жататын шетелдік автокөліктердің шыққан жылына және экологиялық сыныбына талаптар қойылмайды.

Автокөліктерді заңдастыруға өтінішті «Электрондық үкімет» порталы арқылы немесе мамандандырылған ХҚО-ға жүгіну арқылы беруге болады. Ол ХҚО-да арнайы секторлар ұйымдастырылады, олар тек автокөліктерді заңдастыруға қажет құжаттарды қабылдауды жүзеге асыратын болады.

Сондай-ақ, ол жерде әкімшілік полиция және мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері болады. Олар қажет болған жағдайда кеңес береді.

Автокөлікті заңдастыру үшін иесі 4 құжатты ұсынуы керек:

1) өтініш;

2) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат(жеке басын сәйкестендіру үшін);

3) көлік құралының паспорты немесе көлік құралын тіркеу туралы куәлік;

4) көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат(оларға: осы мүлікті сатыпалу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе иеліктен шығару туралы өзге де мәміле шарттары, мұрагерлік құқығы туралы куәлік жатады. Бұл ретте, азаматтық заңнамаға сәйкес берілген сенімхат, егер мұндай құқық сенімхатпен берілген жағдайда, көлік құралына меншік құқығын үшінші тұлғаға беру үшін негіз болып табылады).

Өтініш пен құжаттарды тапсырғаннан кейін тексеру пунктінде көлік құралының нөмірлік агрегаттары салыстырылады. Оны ішкі істер органдарының сарапшы-криминалисті жүргізеді (азаматтар ағыны ұлғайған кезде оларды саны көбейтеледі). Салыстырып, тексеруден өткеннен кейін екі күн ішінде көлік құралын заңдастыруға болатыны немесе болмайтыны жөнінде шешім шығарылады.