Шымкентте төтеншеліктер жылыту және шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларын күшейтті

Шымкентте төтеншеліктер жылыту және шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларын күшейтті

Шымкент қаласында жылыту маусымы ресми түрде басталды. Осыған орай қалалық Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында баспасөз брифингін өткізді.

Мамандардың айтуынша, қыс мезгілінде жазатайым оқиғалардың көбі қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан болады. Өткен жылы газ қондырғыларын дұрыс пайдаланбаудың салдарынан төрт оқиға тіркеліп, екеуі адам өлімімен аяқталған.

— Газ қондырғыларын орнатқанда ең басты талап — оны жуынатын бөлмеге орналастырмау. Өйткені ондағы ылғалдылық жоғары болғандықтан, газ кері қайтып, ауаға тарайды. Қайғылы оқиғалардың 80 пайызы осы себептен туындайды, – деді Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Жедел-қимылдайтын мобильді батальоны бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Рауан Ордабек.

Төтенше жағдайлар департаменті жылыту маусымында пеш, газ құрылғыларын тексеріп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді.

Сонымен қатар, жылы өңір саналатын Шымкентте шомылу маусымы да ұзаққа созылады. Су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары да назардан тыс қалған емес.

— Әр шомылу аймағында қызметкерлер тарапынан үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Демалыс және мереке күндері бақылау күшейтілді. Сонымен қатар тұрғындарға қауіпсіздік ережелері туралы СМС-хабарламалар тұрақты түрде жолданып отыр, – деді ТЖД-нің Төтенше жағдайларды жою басқармасының маманы, азаматтық қорғау капитаны Асқар Шәріп.

Қауіпсіздік бағытындағы жұмыстар әлеуметтік жауапкершілік аясында да жалғасуда. Департамент аудандық әкімдіктермен және бассейн басшыларымен 11 меморандум жасап, әлеуметтік осал топтағы отбасылардың 1400-ден аса баласын суға шомылдыруға жағдай жасаған. Балаларға судағы қауіпсіздік қағидалары толық түсіндіріліп, жедел құтқару жасағының мамандары оқу-жаттығу өткізген.

Қыс пен жаздың қауіп-қатері әртүрлі болғанымен, басты міндет – адам өмірінің қауіпсіздігі. ТЖД өкілдері тұрғындарды жылыту маусымында газ және пеш жабдықтарын дұрыс пайдалануға, ал жазда су айдындарындағы тәртіпті сақтауға шақырады.

«Шымкент келбеті»