«Shymkent tourism center» туристік ақпараттық орталығының ресми ашылу салтанатына қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысты, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Шаһар басшысы қалаға келген шетелдік қонақтарға ұсынылатын көрікті жерлер, мәдени шаралар мен қонақ үйлер туралы «бір терезе» қағидаты бойынша мәлімет беру қызметімен танысты.
–Орталықтың басты міндеті туристік мекемелердің басын біріктіріп, келушілерге жоғары дәрежеде сервистік қызмет көрсетуге ықпал ету. Қалаға келген қонақтар келесі жылы тағы келу үшін ұсынылатын қызмет түрлерін әрмен қарай дамыту қажет,-деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Shymkent Tourism Center туристік ақпараттық орталығының басшысы Айдаралы Рамановтың айтуынша, туристерге мобильді байланыс операторының SIM-картасын бейімдеуде көмек көрсету қызметінің де атқарылатынын атап өтті. Қазір қаламызда ақпараттық-туристік дүңгіршектер ашу мәселесі қарастырылуда.
–Қазірдің өзінде visit-shymkent.kz ресми сайты үш тілде жұмыс істейді. Сайтта қаламыздың танымал көрнекі орындары, ұлттық мәзір дайындайтын мейрамханалары және ақпараттар тізбегі жарияланады. Ақпараттық орталықта кеңес беру, кәдесый, сөйлесу, түрлі шаралар өткізудің интерактивті аймақтары қамтамасыз етілген, - деді орталық басшысы.
Айта кетейік, туристік орталық тәулігіне 200-250 турист қабылдауға қауқарлы. Мұнда «Call-center» 24/7 жұмыс істейді. Орталыққа ашылғаннан бастап 522 қоңырау келіп түскен. Қазіргі таңда 700-ге жуық туристке қызмет көрсетілді, оның ішінде 65-і шет елдің азаматы.
Орталықтың байланыс телефондары: +7701 102 1717. +7702 109 17 17