Үшінші мегаполисте жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы қолданысқа енгізілуде

Үшінші мегаполисте жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы қолданысқа енгізілуде

Бұл туралы Шымкент қаласы Жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасы мәлімдеді, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz

Аталған кешенді схемаға сәйкес, қаладағы барлық маршруттардың қозғалыс сызбалары оңтайландырылмақ. Қазіргі таңда, бірінші кезекте №138, №108, №141, №150, №, 55 маршруттарының қозғалыс сызбаларына өзгерістер енгізілді. Қоғамдық көліктердің схемасын қолданысқа енгізу арқылы шет аймақтардағы елдімекендерді қамтып, сапалы жүруі қамтамасыз етілмек.

Сонымен бірге мегаполисте 20 қаңтардан, яғни бүгіннен бастап жолайрық құрылысының ІІ кезеңінің басталуына байланысты Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшесі жабылды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов брифингте хабардар еткен болатын.

Мақсұт Пернебайұлының мәлімдеуінше, «Роял» клубы тұсынан Т.Рысқұлов көшесіне дейін және Бәйдібек би даңғылы Т. Рысқұлов көшесінен М.Дулати көшесіне дейін жол уақытша жабылмақ. Көлік ағыны М.Дулати, Қазыбек би, Байырқұм, А.Байтұрсынов көшелеріне бағытталып ұйымдастырылады.