Шымкент қалалық әкімдігінде жастарды әскер қатарына шақыру мәселелері бойынша жиын өтті. Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның төрағалығымен өткен басқосуға жергілікті полиция департаментінің, қорғаныс істері жөніндегі департаменттің жетекшілері, әскери комиссия және жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде көктемгі әскерге шақыру науқанына дайындық жұмыстарының барысы, жастарды Қарулы күштер қатарында борышын өтеуге жұмылдыру мәселелері талқыланды. Жауапты мамандар әскери борышын өтеуден жалтарып жүрген жастар бар екеніне тоқталды.
– Мұндай мәселенің түйінін мәжбүрлеп шешуге болмайды. Жастарды Отан алдындағы борышын өтеуге қызықтыру, әскери өмірдің өзіндік ерекшеліктері туралы көбірек насихаттауымыз керек. Осыған орай өз тараптарыңыздан ұсыныс беріңіз, біз қарап, бірге әрекет етейік. Кейбір жастардың Қарулы күштер қатарына барғысы келмеуінің себебін анықтау үшін зерттеу жұмыстарын жүргізу керек, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Осылайша тиісті органдарға жастарды әскерге шақыруды ұйымдастыру бойынша нақты тапсырмалар берілді. Жиын соңында былтырғы әскерге шақыру науқаны кезінде еңбегі еленген мамандарға әскерге шақыру комиссиясының төрағасы, қала әкімінің бірінші орынбасарының Алғыс хаты табысталды. Олардың қатарында әскери комиссия мүшелері мен учаскелік инспекторлар да бар.