Бүгін Шымкент қаласындағы Түркістан сарайында ақын, композитор, драматург Исраил Сапарбайдың «Имани гүлдің төркіні» атты шығармашылық кеші өтті.
Онда Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов, қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов және өзгелер ақынның шығармашылығы мен азаматтық болмысы жайлы ойларын ортаға салып, ыстық лебіздерін жеткізді.
Кеш барысында Исраил Сапарбайдың өлеңдері оқылып, оның әсем әрі әуезді әндері шырқалды.
Айта кетейік, Исраил Сапарбай — қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы айқын, ХХ ғасырдағы лирика жанрынының жарқын келбетін жасаған сыршыл ақындардың бірі. Оның туындылары нәзіктік пен сұлулық, адалдық пен адамгершілік, махабат пен сүйіспеншілік дейтін құндылықтарды дәріптеп, оқырман қауымның бойына шынайы, таңғы шықтай мөлдір сезімдердің дәнін егеді. Ақынның «Аққу арман», «Бозқараған», «Раушанғұмыр» «Түнгі әуендер», «Балауыз шам» секілді кітаптарының өн бойында Отанға, елге деген перзенттік парыз, туған халқына деген сүйіспеншілік өміршең өлең жолдарымен өрілген.
Өлең жазудағы Абай талаптарына талпынған, Мағжан дәстүрін ақынның шығармашылық жолы жас ақындарға үлгі-өнеге болмақ.