Шымкентке арнайы келген Павлодар облысының өкілдері қалалық жұмыспен қамту орталығында болып, көпшілікпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Алға қойған мақсаттары шымкенттіктерді бос жұмыс орындарына шақырып, халыққа оңтүстіктен солтүстікке көшетіндерге мемлекеттен көрсетілетін жеңілдіктерді түсіндіру. Себебі, биыл сәуірден бастап Солтүстікке қоныс аударушыларға берілетін бір реттік материалдық көмек екі есеге артты.Бұған дейін жан басына 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көмек берілген.
Шымкентке арнайы келген Павлодар облысының Май және Успен аудан өкілдерінің айтуларынша, бұл аймақтарда мектеп мұғалімдері мен денсаулық саласы бойынша дәрігер-терапевт, дәрігер-гинеколог, дәрігер-отоларинголог, дәрігер-офтальмолог, жалпы практика дәрігері, анестезиолог-реаниматолог, дәрігер-реабилитолог, мейірбикелер, сондай-ақ, ауылшаруашылығы қызметкерлері ауадай қажет болса, механизаторлар, «Е» санатындағы жүргізушілер, дәнекерлеушілер тапшы. Ал, домбыра қобыз, вокал, фортепиано пәндерінің мұғалімдеріне сұраныс көп.
–Жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару шарасы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІІ-ші бағыты аясында жүзеге асырылады. Мәселен, 2019 жылы орталық тарапынан 54 отбасыны көшіру жоспарланған болса, нәтижесінде 64 отбасы көшірілген. Яғни, отбасылар СҚО, ШҚО және Павлодар облыстарына ерікті түрде көшірілген. 2020 жылы солтүстікке көшу мәселесі пандемияның кесірінен біраз кідірді. Дегенмен, осы жылы тиісті жоспар толығымен орындалады деп жоспарлаудамыз, - деді кездесу барысында Шымкент қаласы әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Дәурен Дүйсебаев.
Қоныс аударушылардың есіне сала кетерлігі, егер қоныс аударған жағдайда олар арзан бағадағы баспанамен, тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, кәсіп ашуға тиімді-қайтарымсыз несие де қарастырылған. Көші-қон бағдарламасы бойынша отбасының әр мүшесіне 204 мың теңге көлемінде қаражат берілетін болады. Оның ішінде жалғызбастыларға 12 ай бойы ай сайын тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығындарды өтеуге де материалдық көмек көрсетіледі.
Байланыс телефоны: 87718509173, 87059866028, 87029348041, 87761764040, 87479726899, 87472227050