СПОРТ КҮНІНДЕ САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
Жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде Қазақстанда спорт күні атап өтіледі. Бұл күнде сала қызметкерлері марапатталып, жанкүйерлер ерекше ықыласпен тойлайды. Үшінші мегаполистегі спорт тек қаламыздың ғана емес, еліміздің де абыройын әлемдік деңгейді арттыруда. Осы ретте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлының қатысуымен спорт күніне орай өңірдегі спорттың дамуына өлшеусіз үлес қосқан сала қызметкерлері мен ардагерлер марапатталды.
Сонымен қатар, салтанатты іс-шарада Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Нарымбетов Баһадүр Мәдәліұлы мен қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков қатысты.
Сәрсен Абайұлы, Шымкент спортының дамуына үлес қосып келе жатқан спортшыларға ризашылығын білдіріп, тілегін арнады. — Сіздерді бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, мықты мемлекеттің негізі — дені сау ұлт. Бұқаралық спортты дамытудың басты бір құндылығы, міне, осында жатыр. Шымкент спортының айбынын асқақтатар жарқын сәттер әлі алда деп сенеміз. Спортты өркендету, спортшыларға жан-жақты қолдау жасау мақсатындағы жұмыстар жалғасын табады, — деді қала әкімінің орынбасары.
Шымкент келбеті