Сәуле шағынауданында мыңнан астам абонент табиғи газбен қамтылады

Сәуле шағынауданында мыңнан астам абонент табиғи газбен қамтылады

Сәуле шағынауданындағы 276-орамды газбен қамту құрылысы аяқталуға таяды. Қала әкімі Мұрат Әйтенов елді мекенді аралап, желі тарту жұмыстарының барысын қадағалады.

Қазір аталған нысанда мердігерлер 28 шақырым болған газ құбырын тартып жатыр. Бүгінге дейін атқарылған жұмыстың көлемі 98 пайызды құрайды. Алдағы күндері «ҚазТрансГаз» мекемесі техникалық шарттары дайын тұрғын үйлерді абоненттеу жұмыстарын бастайды. Өндірістік кестеге сай газдандыру жұмыстары ағымдағы жылы тамыз айында аяқталады. Нәтижесінде 1263 абонент көгілдір отынмен қамтылады.

Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылысты мерзімінде аяқтап, тұрғын үйлерді табиғи газға қосу жұмыстарын жуық арада орындауды тапсырды.

Жалпы, қала елдімекендерін табиғи газбен қамту бойынша жасалған кешенді жоба аясында биыл Тассай, Тұран 3 кезек, Асар-2, Сауле, Солтүстік саяжай шағынаудандары мен Бозарықтың жаңақұрылыс аумағын газбен қамту жоспары бар.

Жоспарға сәйкес, 2023 жылы табиғи газбен қамту көрсеткішін 94%-дан 96%-ға жетеді.

Ал, 2024 жылы Ынтымақ-2 елдімекеніне газ құбырын тарту жұмыстары аяқталады.