Шымкент: 100 мың түп көшет отырғызу жоспарланған

Шымкент: 100 мың түп көшет отырғызу жоспарланған

Өткен жылы Шымкентте 444 магистральді көшеге 106 мың ағаш көшеті отырғызылып, 10 ірі көше абаттандырылды. Жасыл желекті күтіп-баптау үшін 110 су ұңғымасы бұрғыланып, арнайы суғару жүйесі жүргізілді». Бұл туралы Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы хабарлап отыр.

2023 жылдың қараша-желтоқсан айларында қала көшелерінде, әуелі, қылқан жапырақты, сосын биіктігі 2 метрден асатын жас қарағайлар мен арша көшеттері пайда болды. Әлі діңі қатаймаған көшеттерді жел сындырып кетпеу үшін арқанмен жан-жағынан бекітілген. Мамандар қара күзде отырғызылған көшеттердің көктемде тез бейімделіп кететінін алға тартып отыр.

Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының мәліметіне сүйенсек, шаһарды абаттандыру мен көгалдандыру жұмысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жүзеге асып отыр.

– Ағаш отырғызу, су ұңғымасын қазу, абаттандыру жұмыстары жекеменшік серіктестердің инвестициясына атқарылып жатыр. Яғни, бұл мақсатта мемлекеттен қаржы қарастырылмайды. Бүгінде қаланың абаттандыру жұмысына атсалысып жүрген 5 серіктес компания бар. Олардың қатарында Абай ауданы бойынша «Kaz Stroi Capital LTD» ЖШС, Еңбекші ауданында «Группа Интеко» ЖШС, Қаратау ауданында «Жасыл Жер Шымкент» ЖШС тұрақты жұмыс жүргізіп және қажетті мамандарды жұмылдырып келеді. Жұмыс әлі де жалғасын табады. Мысалы, көктемде 100 мың түп көшет отырғызу жоспарланған, - дейді Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бас маманы Әуесбек Опабек.

Айта кетейік, бүгінде қала көлемінде 5 бұрғылау көлігі су ұңғымасын бұрғылап жатыр. Олар – Байтұрсынов көшесінде, Қонаев гүлзарында, Қабанбай батыр даңғылы мен МЖК, Қазығұрт шағын аудандарында. Бұл су ұңғымаларының көмегімен жаздың аптап ыстығында жас көшеттер мен шымды аймақтар суғарылады.