Бүгін ҚМДБ Шымкент өкілдігі қала әкімдігімен бірлесе кезекті «Рамазан қоржыны» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Ізгілік акциясы аясында қаланың орталық мешіті – Ақмешітте әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік жиынтығы таратылды.
– Рамазан – мейірімділік пен қайырымдылық айы. Жылдағы дәстүр бойынша қасиетті ай басталғаннан осындай қайырлы істі қолға алып отырмыз. Бүгін Шымкент қаласының әкімдігімен бірлесе 500 отбасыға ауызашар үшін азық-түлік себеті үлестірілді. Одан бөлек, күн сайын қаладағы 40 мешітте кәсіпкерлердің қолдауымен тұрғындарға ауызашар ұйымдастырылуда. Осындай ізгі істерде белсенділік танытқан кәсіпкерлер мен мешіт имамдарына алғыс айтамын, - деді қаланың бас имамы Бақдәулет Әбдірахманов.
Ауызашарға арналған азық-түлік қорабын алған Абай ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Тұрсынай Жұманова қайырымдылық акциясына қолдау білдірген қала әкімдігі мен мешіт имамдарына өз алғысын жеткізді.
– Бүгін алғаш рет мешітке келіп осындай ауызашар жиынтығын алып отырмыз. Рамазан айында халыққа азық-түлік таратуды ұйымдастырған қала әкімдігіне, мешіт имамдары мен жомарт кәсіпкерлерге көп рақмет, - деді көпбалалы ана.
«Рамазан қоржыны» қайырымдылық акциясы 5 ауданның орталық мешітінде күн сайын ұйымдастырылып, 500 отбасына азық-түлік жиынтығы таратылып жатыр. Іс-шара ай соңына дейін жалғасады.