Шымкент қаласындағы шалғай орналасқан елдімекен тұрғындарын сапалы интернетке қосу мақсатында инвесторлар тартылды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Қаратау ауданына қарасты 4 мыңнан астам үйі бар Ақжайық шағынауданын оптикалық желі арқылы сапалы интернетпен қамту үшін қалалық цифрландыру басқармасының тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылып, жеке инвесторлармен келісімдер жүргізген болатын.
Бүгінгі күні, «i-LinkNet» ЖШС мекемесі шағынауданға талшықты оптика желісін толық жүргізді. Төрт мыңға жуық үйге 400 шақырымдық абоненттік кабель тартты. Ондағы өтініш қалдырған 400-ден астам отбасы жоғарғы жылдамдықты сапалы интернетке қол жеткізді.
Сонымен қатар, мердігер компания Достық шағынауданына да талшықты оптика желісін тартты. 2500-ге жуық үйге талшықты оптика желісі және 200 шақырымды қамтитын абоненттік кабель жүргізілді.
Аталған шағынауданның өтініш білдірген алғашқы 10 үйге интернет желісі қосылып, тұрғындардан қосымша өтініштер қабылдану үстінде. Тұрғындар тарапынан кеңжолақты интернет желісіне қосылуға нақты өтінімдер берілген жағдайда, мердігер компания тарапы шағынауданды толыққанды талшықты оптика желісімен қамтамасыз етпек.
Бұдан өзге, алдағы уақытта Асар, Самал-3 және Нұртас шағынаудандары талшықты оптика желісімен қамтылатын болады