Шымкент: 96 жастағы ҰОС ардагерін аман алып қалды

Шымкент: 96 жастағы ҰОС ардагерін аман алып қалды

Шымкент «Жүрек» орталығының хирургтары 96 жастағы ҰОС ардагеріне күрделі кардиохирургиялық операция жасады. Отадан кейін денсаулығы жақсарған қарт кісіні бүгін қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов мерекесімен құттықтап, ауруханаға арнайы барды, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Қадыр Атажанов – ҰОС ардагері. Сұрапыл соғысқа 1942 жылдың соңында 17 жасында өз еркімен аттанған. Ол жаяу әскерлер құрамында Батыс-Украина майданында шайқасқан. Соғыс аяқталғанымен, Қадыр қария әскери қызметін Украинада жалғастырған. 1948 жылы елге оралған ол көп ұзамай теміржолшы болып жұмысқа орналасады. 40 жыл табан аудармай еңбек етіп, абыроймен зейнеткерлікке шығады.

Айта кетейік, қария 7 мамыр күні қаладағы «Жүрек» орталығының қабылдау бөліміне жедел жәрдем арқылы жеткізілген еді. Ауруханаға түскен 1925 жылғы науқастың өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер шұғыл түрде электрокардиостимулятор имплантациясы отасын жасады. Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі таңда ардагердің жағдайы жақсы, орталықта емін жалғастыруда.

Фото: ашық дереккөз