Бұл туралы бүгін Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов 2020 жылы атқарылған жұмыстар бойынша халық алдында есеп беру кездесуі кезінде айтты, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Аудан аумағында «СКАТ» әуе компаниясы, «Зерде-Фарма», «Голд Алюминиум» және «Электрокомплект-1» сияқты ірі кәсіпорындар орналасқан.
2020 жылы жалпы аудан кәсіпкерлерінен жергілікті бюджетке 4,2 млрд. теңге салық түскен.
2020 жылғы Абай ауданы бойынша 68 кәсіпкерлік нысанға 4,1 млрд. теңге жеке инвестиция тартылып, жұмыспен қамтылғандар саны 449 адамды құраған.
Бұхарбай Рысқұлұлының айтуынша, ағымдағы жылы ауданның кәсіпкерлік саласына 12 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарлануда.
«Standard Steel KZ» ЖШС Қорғасын зауыты аумағында «Қалдықтарды қайта өңдеу» зауытын ашуға 8,5 млрд теңге инвестиция салуды көздеуде. Жоба аяқталған соң 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жылына бюджетке 750 млн. теңге салық түсетін болады. Биылдың өзінде құрылыс жұмыстарын бастауға 1,6 млрд тг қаржы салынды. Бұдан бөлек «Тау Бел» ЖШС компаниясы 5 гектарға жылыжай салуды жоспарлауда. Жоба іске асқан жағдайда 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 1,5 млрд. теңге инвестиция тартылу көзделіп отыр», - деді аудан әкімі өз есебінде.
Сонымен бірге «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау» жобасы аясында 1 249 аудан тұрғынына кәсіп бастау үшін 555 мың теңгеден грант тағайындалып, жалпы 694 млн. теңге берілген.
Фото: Серік Қосай