Шымкент «ақылды қалалардың» жаһандық рейтингіне енеді

Шымкент «ақылды қалалардың» жаһандық рейтингіне енеді

«Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық сайлауалды бағдарламасында көзделген негізгі бағыттардың бірі – қаланы цифрландыру, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Бұл туралы бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен өткен Шымкент қаласы мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракция отырысында талқыланды. Онда Партияның сайлауалды бағдарламасы негізінде әзірленген Жол картасы қаралды.

Алқалы жиынға қалалық мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов, «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары, фракция жетекшісі Бекайдар Тулегенов және салалық басқармалардың басшылары мен аудан әкімдері қатысты.


Жиында Шымкент қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рахманберді Мулкеманов баяндама жасап, партияның Шымкент қалалық филиалының сайлауалды бағдарламасы аясында жасалынған Жол картасын іске асыру жайы айтылды.

Осы орайда бағдарлама аясында 2025 жылға қарай халыққа мемлекеттік қызметтердің 96 пайызы «Бір терезе» қағидаты бойынша ұсынылады. Қала сауда объектілерінің 65 пайызы қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көшірілмек. Осылайша, Шымкент – «Ақылды қалалардың» жаһандық рейтингіне енген қалалардың біріне айналады. Сондай-ақ, «Мектептерде бейнебақылау камераларын орнату», «T-hunter» мұғалімдерді жұмысқа орналастырудың автоматтандырылған жүйесі мүмкіндігін кеңейту жобалары іске асады. Бұл ретте «Бірыңғай әлеуметтік ID-картаны енгізу» жобасы жүзеге асады.

Жиын қорытындысы бойынша партияның Шымкент қалалық филиалының сайлауалды бағдарламасы аясында Жол картасында көрсетілген 2021 жылы атқарылуы тиіс жұмыстарға жауапты басқармалар мен депутаттар нақты бекітілді.