Шымкент: ақылы негіздегі ҰБТ-ның бірінші кезеңі басталды

Шымкент: ақылы негіздегі ҰБТ-ның бірінші кезеңі басталды

Бүгін Шымкентте ақылы негіздегі Ұлттық бірыңғай тестілеудің бірінші кезеңі басталды. Бұл туралы Шымкент қаласы Білім басқармасы хабарлады, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz

Бірінші кезең қаңтардың 20-ы мен ақпанның 5-і аралығында өтеді. Қала бойынша 2020-2021 оқу жылында 9 342 түлек мектеп бітірсе, оның ішінде 6 391 оқушы ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген. Сондай-ақ 5 003 оқушы қазақ тілінде, 1 388 оқушы орыс тілінде тест тапсыратын болады.

Шаһарда Ұлттық бірыңғай тестілеу 3 жерде өтеді. Атап айтсақ, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде 2 352 оқушы, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетінде 2 596 оқушы және «SilkWay» халықаралық университетінде 1 443 оқушы ҰБТ тапсырады. Шектік балл - 50 болса, ең жоғарысы - 140 балл.

Айта кетейік, Ұлттық бірыңғай тестілеудің екінші кезеңі наурыз айында өтеді. ҚР Үкіметінің ведомствоаралық комиссия отырысының тапсырмасына сәйкес, барлық ҰБТ өткізу пункттеріне санитарлық нормаларды сақтау жөнінде Шымкент қаласының Бас санитар дәрігерінің келісімі алынған.

Фото: ашық дереккөз