«2022 жылы 1,038 миллиард теңгеге 17 медициналық техника алынып, денсаулық сақтау ұйымдары заманауи жабдықтармен жарақтандырылды. Биыл одан 3 есе көп медициналық қондырғы алу жоспарланған. Оның басым бөлігі ана мен балаға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталмақ». Бұл туралы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Нұрлыбек Асылбеков Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық коммуникациялық орталығында өткен брифингте мәлімдеді.
Брифинг барысында басқарма басшысы Н.Асылбеков өткен жылы денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстарға тоқталып, 2023 жылға арналған жоспармен таныстырды. Сонымен қатар, «Шымкент жүрек орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасының уақытша міндетін атқарушы Д.Сүйгенбаев орталықта жасалып жүрген күрделі операциялар жайлы баяндады.
— Шымкентте медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, қызмет сапасын арттыру мақсатында бірқатар жұмыс атқарылды. Денсаулық сақтау ұйымдарына бекітілген талапқа сай 1 емханаға 30 мың тұрғыннан келуі тиіс. Шымкентте бүгінде 45 емхана халыққа қызмет көрсетіп отыр. Яғни, 1 емханаға орта есеппен 26 мың тұрғаннан келіп тұр. Алдағы уақытта жұмыс сапасын арттыру үшін бұл көрсеткішті 24 мың тұрғынға дейін жеткізу көзделген. Медициналық қызмет сапасын арттыру үшін ұйым ғимараттарының жағдайына да көңіл бөлініп отыр. Мәселен, өткен жылы қалалық №2 оңалту орталығы мен №1 емхананың балалар бөлімшесі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Ал, биыл №5 емхана мен №1 клиникалық аурухананың бір бөлігі күрделі жөндеуден өтеді. №1 клиникалық ауруханадағы күрделі жөндеу жұмыс ауқымына қарай 3 жылға жоспарланған. Сонымен қатар, былтыр қалалық балалар ауруханасынан онкогемотология, стоматология бөлімдері ашылған болатын. Биыл офтольмология бөлімін ашу жоспарланып отыр. Ол үшін инфекциялық модульдік орталық ғимаратын балалар ауруханасына бейімдеп, стационарлық орын дайындау жұмыстары жүріп жатыр, - дейді Нұрлыбек Абибуллаұлы.
Н.Асылбековтің айтуынша, қаладағы күрделі диагноз қойылған жүкті әйелдер қалалық перинаталдық орталыққа жолданып келеді. «Алайда, тұрғындар санының артуына байланысты орталық жүктемесі шамадан тыс артып отыр. Бұл мәселені шешу үшін биыл №2 емханаға қарасты перзентхана бөлімшесінің қызметін 3 деңгейге жеткізу мәселесі қаралып отыр», деді қаланың бас дәрігері.
Айта кетейік, Шымкент жүрек орталығы да жыл сайын медициналық қызмет сапасын арттыруға ерекше назар аударып отыр. Бүгінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысында алғаш рет ЭКМО, Tavi, LVAD және стент-графттарды имплантациялау сынды жаңа технологияларды қолданысқа енгізу арқылы жоғары мамандандырылған медициналық көмектің үлесі артқан. Мәселен, былтыр орталық қызметіне 5501 адам жүгініп, оның 75 пайызына шұғыл медициналық көмек көрсетілген.