Шымкент: Бірлік күні балалар шаттыққа бөленді

Шымкент: Бірлік күні балалар шаттыққа бөленді

1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күніне орай цирк өнерпаздары зоосаябақты думанды атмосфераға бөледі. Бүгін қаладағы зоосаябақта «Шымкент-Цирктің» артистік бригадасы «Африка» павильоны маңындағы алаңда бірнеше дүркін ойын көрсетуде. ҚР мәдениет саласының үздігі Н.Ефименконы, эквилибр шебері И.Рахманқұловты, М.Брагин, Б.Ережепов, А.Мәркен сынды жонглерлық өнер шеберлерін, 5-6 орындықты қалап, төбесінде өнер көрсететін А.Тоғайбекті, жарқын клоун А.Абдразақты жас көрермендер ду қол шапалақпен сахнаға шақырды.

Бағдарлама номерлері көрермендердің көңілін көтеріп, мерекелік эмоция, асқақ шабыт сыйлады.

Ал Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры бұл күні орталық саябақта балаларға арнап «Туған күн» атты қойылымын ұсынды. Көрерменіне қуаныш пен таңқаларлық сезім сыйлауда ізденісте жүретін театр ұжымының бүгінгі саябақта өнер көрсетулері де ерек. М.Абайділданың шығармасы желісінде сахналанған спектакль жануарлар арқылы балаларды отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, достыққа тәрбиелейді.

Ашық аспан астында қойылған қойылым көрермендері саябақтың кішкентай бүлдіршіндері болды. Театр басшысы Самат Алтайдың айтуынша, өнер ордасы осылай қала саябақтарында жиі қойылым қояды.

Айта кетейік, театр бүгін Арбат демалыс аймағында да балаларға өнер көрсететін болады.