Шымкентте«Наурыз-Думан» мерекелік цирк қойылымы басталды, деп хабарлайды Shymkentaqprat
Шымкенттіктердің жыл басы Наурыздан үлкен үміт күтуі қалалық цирк ұжымын шабыттандырып, ұлттық нақышта жаңа номерлерден құрастырылған мерекелік бағдарлама жасауға ынталандырып, өнерпаздық мотивацияны үдете түскен.
Акробаттардың шымырлығы, гимнастардың ептілігі, әртістердің, шоу-балет тобының жонглерлық өнерді синхронды түрде игергендігі бағдарламаның органикалық тұтастығын, мерекелік ырғағын жандандыра түскендей.
Әсіресе, Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған«Күш атасын танымас» қойылымы көрермен көңілінен ерекше орын алды. Нөмір күштік сипатта ұсынылып, Қажымұқан атамыздың образымен ассоциацияланады.
Нұрлан Ыдырысұлының айтуынша, 4 LED-экраннан көрсетілетін Наурыз мерекесінің таңдаулы сәттері, панорамалық көріністер музыка үнімен көрермен қиялын асқақтата түседі.
– «Наурыз-Думан» мерекелік бағдарламасына бір ай көлемінде дайындалдық. Халықаралық әйелдер күні–8 наурызда, кіші бағдарламаны бірінші рет «жануарсыз» өткіздік, бүгін толық бағдарлама көрермендер назарына ұсынылды. Ұлыстың Ұлы күніне арналған мерекелік қойылым 2 бөлімнен тұрады. Күндізгі бөлімі 5-10 жас аралығында, ал кешкі ересек жастарға арналған, - деді Шымкент-Цирк директоры Нұрлан Адильханов.
Айта кетейік, мерекелік қойылымдар 19-28 наурызға дейін жалғасады. Нақтырақ айтқанда, Наурыздың 19,20,27,28 күндері – Цирк өтеді. Ал ағымдағы айдың 21, 22, 23, 24 күндері цирк манежінде Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына арналған эстрада жұлдыздарының арасында «Өнер барысы» өтеді.