Шымкенттік дәрігерлер 4 айлық сәбиге күрделі ота жасап, оның көкірегіндегі жарықты (грыжа) алып тастады.
Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасына 9 қаңтар күні 4 айлық сәби медициналық жедел жәрдем қызметімен келген. Аурухананың қабылдау бөліміне түскенде ата-анасы сәбидегі жөтелдің күшейіп, ентігу, жалпы әлсіздік бар екенін айтып, шағымданған. Пациенттің кеуде қуысын рентген арқылы тексеру кезінде дәрігерлер оның оң жақ көкірегіндегі жарықты анықтаған. Алғашқы қойылған диагноз бойынша сәби анасымен бірге ауруханаға қабылданып, араға екі күн салып, сараптамалары толық дайын болған соң ашық түрде күрделі операция жасалды.
— Ота барысында өкпе тұсына қарай өткен ішек бөлігін хирургиялық әдіспен іш қуысына түсіріп, көкірек тұсындағы жарық тігілді. Операция 1,5 сағатқа созылды. Отадан кейін балақай бір күн жансақтау бөлімінде бақылауда болып, келесі күні палатаға ауыстырылды, - дейді дәрігер-хирург Қайрат Ізбасов.
Білікті хирург Қайрат Ильясұлының айтуынша, сәбидің көкірек тұсындағы жарықтың көлемі 1,5 см. Жарық туа біткен және бала анасының құрсағында жатқанда пайда болған деген болжам бар. Яғни, дәрігерлер бұл өздігінен пайда бола бермейтін, сирек құбылыс екенін алға тартып отыр.
Бүгінде кішкентай науқастың жағдайы қалыпты. Сәби анасымен бірге үйіне жіберілді. Дәрігерлер алдағы уақытта қосымша ота жасауға қажеттілік жоқ екенін айтып отыр.
Айта кетейік, қалалық балалар клиникалық ауруханасында жоғары мамандандырылған медициналық қызмет түрі жылдан жылға жақсарып келеді. Биыл аурухана дәрігерлері балалар кардиохирургиясы, офтальмология және неонаталдық хирургия саласын дамытпақ.