Шымкент қалалық №6 емхана 100% ақпараттық жүйеге қосылған

Шымкент қалалық №6 емхана 100% ақпараттық жүйеге қосылған

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мен Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов қалалық №6 емхананың жағдайымен танысты, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Емхана қазіргі таңда 100 пайыз ақпараттық жүйеге қосылған. Онда барлық бағытағы қызмет электронды түрде көрсетіледі. Тұрғындар дәрігерге жазылу, дәрігерді үйге шақырту, зертханалық талдаулар қорытындысын алу, дәрі-дәрмек рецептісі және т.б. қызметттерді жаңа жүйе арқылы іске асады.

Ақпараттық жүйе арқылы бізде тіркеуде тұрған әрбір пациенттің жағдайын қадағалай аламыз. Мәселен, босанған ананың перзентханадан шыққан күні, ана мен баланың денсаулығы қандай деген секілді ақпараттарды уақытында біліп отырамыз. Оған анализ жасаймыз. Ары қарай мамандарымыз ана мен баланың денсаулығын өз бақылауына алады. Онлайн режимде барлық ситуациялық жағдайларды назарда ұстаймыз, - деді бас дәрігер Айгүл Орынбасарқызы.

Бұдан бөлек, Шыңғыс Жұмабекұлы жаңадан ашылған фронт-офисте, балаларға арналған ойын бұрышында болды. Тіркеу бөлімі мен күту залында отырған пациенттермен әңгімелесіп, хал-жағдайларын сұрады. Тұрғындар мекемеде орын алып жатқан үлкен өзгерістердің бар екенін жеткізді. Соңғы бір айда күту залына жұмсақ жиһаздар қойылып, келушілерге ыңғайлы жағдай жасалғандығына ризашылықтарын білдірді.

Қала әкімінің бірінші орынбасары мекеме қызметкерлерімен де еркін сұхбаттасып, емханадағы жұмыстарға оң бағасын берді.

Фото: ашық дереккөз