Қаладағы Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарындағы жаңа көшеге атаулар беру үшін қала мәслихатының тұрақты комиссиясы халықтың пікірін тыңдады.
«Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта қарау, сондай-ақ, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидасының» талаптарына сәйкес, алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, көше тұрғындарының келісімі алынған.
Алдымен қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Орынтаев алдағы уақытта атауы өзгеретін көшелерді баяндап берді.
–Шымкент қаласындағы аудан әкімдіктерінің ұсынысы негізінде қаладағы 120 көше мен 1 алаң, 1 алеяға атау беру және қайта қарау туралы ұсынысын енгізіп отырмыз. Осыған орай, Абай ауданында атауы жоқ 11 көше, Әл-Фараби аулданында 19 көше, Еңбекші ауданында 15 және Қаратау ауданында 77 көшеге талдау жүргізіп, жаңа атауларды ұсынып отырмыз. Бұл жөнінде аудан әкімдіктері тарапынан халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, атау берілетін немесе қолданыстағы атауды өзгерту үшін тұрғындардың келісімін алған, - деді Байыржан Орынбасарұлы.
Мұнан кейін Б.Орынтаев атаулар берілетін 120 көшенің аты мен мағынасын атап шықты.
–Бүгінде қала аумағында көше атауларының қайталануы жиі орын алуда. Бұл жағдай жедел жәрдем мен қалаға келген қонақтар үшін қолайсыздық тудыруда. Біз комиссия отырысында көбіне тарихи тұлғалардың атын беруге көбірек мән бердік. ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясы тарапынан көшелерге 555 тарихи тұлғаның атын беру ұсынысы енгізілген. Біз оның 400-ден астамын қамтыдық. Мәселен, Қаратау ауданындағы көшелердің басым бөлігі тарихи тұлғалардың атымен аталды, - деді комиссия төрағасы Төрайым Сұлтанова.
Жиында атаулары өзгеретін елді мекен мен көшелердің тұрғындары қатысып, пікірлерін, ұсыныстарын ортаға салды.