Жолайрық құрылысына байланысты қаланың біраз бөлігінде жарық сөндіріледі, - деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлімдеді.
– Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес бүгінде Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшесінің қиылысында жолайрық салу жұмыстары жүргізілуде. Жолайрықтың құрылысы 2021 жылдың желтоқсан айында толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Осы орайда қуаттылығы 110 кВт электр желісінің орнын ауыстыру қажет. Яғни, құрылысты жалғастыру үшін аталған электр желісін уақытша айналма желіге қосамыз, – деді Мақсұт Пернебайұлы.
Спикердің сөзінше, 110 кВт электр желісін уақытша айналмаға қосу жұмыстары 18 сәуір күні сағат 09:00 мен 19:00 аралығында жүргізіледі. Яғни, бұл күні Шымкент қаласының Отырар, Солтүстік, Сайрам, Шығыс, Азат, Мирас, Ұлағат, Нұрсәт, Спорттық, Наурыз, Шапағат, Солтүстік-Шығыс, Тараз, Бам шағын аудандарында және Қонаев, Тәуке хан даңғылы мен Қазыбек би, Иляев, Адырбеков, Жібек жолы, Рысқұлов, Арғынбеков көшелерінде жарық сөндіріледі. Ал аталған аймақтарда орналасқан ғимараттар мен әлеуметтік нысандар электр қуатымен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар баспасөз мәжілісінде қала әкімінің орынбасары электр желісін уақытша айналма желіге қосу кезінде Түркістан облысының Арыс және Ордабасы ауданында жарықтың сөну ықтималдығы бар екенін жеткізді.