Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалалық Полиция департаментінің бастығын қабылдады, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Департамент бастығы полиция генерал-майоры Ералы Жумаханбетов мемлекеттік органның жарты жылдықта атқарған жұмысын баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Бас полицейідің сөзінше, қалада тонау, пәтер ұрлығы, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар, қоғамдық орында жасалған қылмыстар саны біршама азайған. Қылмыстың ашылу деңгейі де жақсарып, соңғы 3 жылда ауыр және аса ауыр санаттағы кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр жарақат салу, зорлау секілді қылмыстар толығымен ашылған.
Қала әкімдігінің қолдауымен 109 автокөлік, 550 бейнетіркегіш, 1 402 планшет, 400 дана компьютер, 550 бейнежетон және өзге де техникамен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, қосымша 3 740 бейнебақылау камерасы беріледі.
Қала әкімі әкімдік тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанымен, кейбір қылмыс түрлерінің саны артып, нәтиженің көңіл көншітпейтінін айтты. Шымкентті қауіпсіз қала ету үшін жаңа реформа әзірлеуді тапсырды. Полицияның берілген ұсыныстарды әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу үшін негізгі индикаторлар белгіленіп, ай сайын соның нәтижесін зерделеп отырудың маңыздылығын, «Нөлдік төзімділік» қағидаты бойынша учаскелік полицейлердің жұмысын жандандыруды, көшедегі қайыршыларға назар аудару қажеттігін айтты.
Сонымен бірге, шаһар басшысы тәртіптің тұрақты болуына аса мән беру керектігін қадап айтты. Бір апта рейд болып, келесі аптада қайта тәртіпсіздік орнауы, камераның кейбір жерде істен шығып тұруы, ретсіз сауда орындары мен заңсыз сауда нүктелерінің болуы, ондағы санитарлық талаптардың сақталмауы- қаланың имиждін бұзатын дүниелер екенін айтты.
Жаңа оқу жылының басталуына орай оқушылардың жолдан өту, мектеп ішіндегі қауіпсіздігін назарға алуды тапсырды. Одан бөлек, экополицейлердің жұмысын күшейту керек деді. Біздің мақсат – тұрғындарды жазалау емес, оларға тазалық мәдениетін түсіндіру және қалыптастыру екенін жеткізді.
Халық арасында наразылық тудырмау үшін жаңадан қойылатын камералар туралы халыққа барынша ақпараттық насихат жүргізуді, Ынтымақ-2 шағынауданында криминогендік ахуалды реттеуді, ақылды бағдаршамдар санын көбейтуді, халық тығыз орналасқан елдімекендерге 100 мобильдік полиция пунктін қою жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.