Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гинтаутас Васюлис, Литва Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің транспорт саласы бойынша атташесі Гитаутас Юндзиламен кездесті, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Кездесуде тараптар іскерлік байланыстар және ынтымақтастықты дамыту мәселелері жөнінде әңгімелесті. Литваның Қазақстанмен сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстары артып келеді. 1992 жылдан бастап екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнады. Литва – Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі.
Қала әкімі құрметті қонақтарды алдымен Литва халқының өткен маңызды мерекесі – Литва мемлекеттілігінің қалпына келтірілген күнімен (16 ақпан) құттықтады.
Мұрат Дүйсенбекұлы Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесіне сай дамып келе жатқанын, инвестицияға қолайлы орта қалыптасқанын атап өтті. Қала әкімі жаңа индустриялық және агроөнеркәсіптік аймақтардың ашылып жатқанын айта келе, литвалық компанияларды бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
– Шымкентте соңғы жылдары бизнес жүргізу шығындарын азайту, әкімшілік процедураларды жеңілдету, салық және тарифтік жоспарларды жақсарту бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Осылайша шаһарда инвесторларға барынша қолайлы жағдай қалыптастыруды көздеп отырмыз, – деді қала әкімі.
Шаһар басшысы қаланы дамытудағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша ашық және сындарлы диалогқа дайын екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ, Кәсіпкерлер Палатасында литвалық қонақтардың шымкенттік кәсіпкерлермен кездесуі жоспарланған.