Шымкент әкімі №87 мектептің оқушыларымен кездесті

Шымкент әкімі №87 мектептің оқушыларымен кездесті

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Шымкент жастар лигасында» жеңімпаз болған № 87 А.Назарбеков атындағы жалпы орта мектепті аралап, оқушылармен тілдесті.

Бұл мектеп футболдан жеңімпаз атанып, 20 млн теңге қаржылай сыйлық алған болатын. Аталған қаржыға «Шымкент – қайырымды қала» қоры арқылы мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 12 дана жылжымалы интерактивті панельдер алған.


Әкім оқушылардың бұл игі ісін қолдап, мектепке танытқан жанашырлықтары үшін алғысын жеткізді. Өз кезегінде балалар келер жылыда спорттық жарысқа қатысатындарын айтып, білім мен спортта алда болатындарына сөз берді.

18 қыркүйек - «Бірге таза Қазақстан!» экологиялық жобасы аясында Шымкентте жалпықалалық сенбілік болғандықтан қала басшысы ең алдымен білім ошағының тазалық жұмысына қатысты. Ұстаздарға оқушылардың экологиялық білімін арттыруды, балаларға қоршаған ортаның ластануына жол бермеуді және табиғатты қастерлеуді айтты.


Қала әкіміне мектеп директоры А.Қаппарова білім мекемесіндегі ақпараттық орталықпен, Stem және робототехника кабинеттерімен және Абайтану бұрышымен таныстырды. Сонымен бірге спорт секцияларын аралап, шахмат бойынша өтіп жатқан ашық сабаққа қатысты.

Үш қабатты мектеп 1200 орындық балаға шақталған. Мұнда екі ауысымда 2662 оқушы білім алады.