Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов халықаралық, ресубликалық олимпиадалар мен ғылыми, спорт және өнер жарыстарында жеңіс тұғырынан көрінген жастармен кездесті, деп хабарлайды Shymkentaqparat
«1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні» мерекесіне орайластырылған кездесу дендросаябақта ашық аспан астында өтті.
Жиынға қатысқан жастар арасында 18 оқушы пән олипиадасынан республикада топ жарса, 33 оқушы халықаралық және республикалық ғылыми жобалардың жеңімпаздары. М.Әйтенов жігерлі жастармен еркін форматта сұқбаттасты. Биылғы жетістіктерімен құттықтап, өзінің бала күнгі естеліктерімен бөлісті.
– Біз сіздерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру үшін барлық жағдайды жасап келеміз. Қаламызда жылдан-жылға бала саны артуына байланысты жаңадан салынатын мектептердің үлесін көбейттік. Еліміздегі кез келген жас өрен мемлекет қорғауында. Білімді, өнерлі адам қашан да өз жолын адаспай табады. Жазғы демалыстарыңыз қызықты өтсін, - деп тілек білдірді.
Айта кетсек, Шымкентте тәуелсіздікке дейін 51 балабақша, 68 орта мектеп бар болса, қазір балабақша – 526, мектеп саны 186-ға жетті.
Ел егемендігінен кейін 68 мыңнан астам орындық 98 заманауи үлгідегі білім ошағы салынып, 85%-на күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Үш ауысымды, апатты мектеп мәселесі де оң шешімін табуда. Сондай-ақ, отыз жыл ішінде дарынды балаларға арналған, үш тілде білім беретін мектептер мен екі «Назарбаев Зияткерлік мектебі» желісі құрылды.